Астана әкімі Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылар мен қонақтардың жайлылығын, қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Астанаға ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиналысына келген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесуде мәлім етті.
None
None

«Сіздің соңғы сапарыңыздан кейін Көрмеге дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарылды», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.

Қала басшысы В. Лоссерталеске Астана қаласының әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, Ә. Жақсыбеков жалпы, Астана қаласын және ЭКСПО нысандарын салу мен қажетті инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту шараларына тоқталды. Елорда әкімі көлік-логистикалық жүйені жетілдіру бойынша жұмыстарға, соның ішінде Астананың халықаралық әуежайын кеңейту, жаңа теміржол және автовокзалдар салу, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыру, көлік ағынын басқарудың жаңа жүйелерін енгізуге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Астана әкімі баламалы энергия көздерін енгізу және инновацияларды дамыту жөніндегі бірқатар жобаларды атап өтті, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде қалада мәдени бағдарламаны ұйымдастыру және туристік саланы дамыту жөніндегі әкімдіктің жоспарларымен таныстырды. Ә. Жақсыбеков бүгінде Астанадағы ЭКСПО-ны қолдайтынын растап отырған астаналар мен ірі мегаполистердің мэрлерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Әкім «ЭКСПО ұсынады» жобасы аясында сервистік қызметтер деңгейін көтеру жөніндегі науқанның сәтті басталғанын атап өтті. Аталған жоба бойынша қонақ үй және мейрамхана бизнесі саласындағы үздік кәсіпорындарға тиісті сапа сертификаттар берілуде.

«2017 жылғы көрмеге дайындық бойынша көп жұмыс жүргізілген екен. Алға қойған мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. ЭКСПО Астананың жаңа туристік орталыққа айналуына септігін тигізеді, Қазақстанды әлемге басқа қырынан таныстырады», деді Лоссерталес мырза. Шетелдік қонақ қаланы дамытуда «жасыл технологиялардың» қолданылатынына қуанышты екенін атап өтті.

Бұдан басқа, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы миландық көрмеге қарағанда Астанадағы ЭКСПО аумағының ерекшелігі ретінде оның тиімді орналасуын атап өтті: «Миландағы көрме қалаға қосымша ретінде болса, Астанадағы ЭКСПО - тұтас бір қала».

Бұл В. Лоссерталестің 2009 жылдан бері Астанаға жасаған 13-ші сапары, бұған дейін ол елордаға өткен жылы қазан айында келген болатын.

Соңғы жаңалықтар