Астана әкімі Қазақстанда урбанистика орталығын ашуды ұсынды

Негізгі оқиғаларының бірі Smart City үлгісімен қалалардың экономикалық тұрақтылығы мен оларды жоспарлау, қаланы басқарудағы инновациялық әдістер мәселелерін талқылау үшін сарапшыларды жинаған Урбанистикалық форум өтті. «Жаңа ұрпақ қаласы» форумының панельді сессиясына Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.
Бүгінде ғаламшар халқының жартысы қалаларда өмір сүреді, олардың үлесіне әлемдік ЖІӨ 80% астамы тиесілі, дәл осы жерде адам, техника және қаржы капиталы шоғырланған.
«Қалалардың қызметі мен дамуына, олардың өсуі мен тіршілігіне байланысты мәселелер мен шектеулерді шешуге планетаның барлық елдерінде ерекше көңіл бөлінеді», - деп атап өтті елорда басшысы.
Әкімнің ойынша, Урбанистикалық форум қалалар дамуының басты тапсырмаларын шешетін сұхбат алаңы болып табылады, сондықтан, болашақта ол АЭФ бағдарламасының негізгі оқиғасына айналуы мүмкін.
Сонымен қатар, әкім жас Астананың жоғары жетістіктері мен дамуы туралы айтып өтті. Қала астана дәрежесін алғалы бері оның ауданы мен халқының саны үш есеге, жылдық инвестиция көлемі жеті есеге артты. Осы және басқа да өзгерістер Астананың жаңа сапа деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік беріп, соның арқасында, республикалық бюджет донорлары қатарына енді.
«- Жеткен жетістіктеріміз босаңсуға себеп бола алмайды, біз қала инфрақұрылымын дамыту үшін белсенді жұмыс жасап жатырмыз, - деді Әділбек Жақсыбеков. - Коммуналдық шаруашылық сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бойынша көлемді жұмыстар атқарылуда. Экологиялық, экономиялық және нәтижелілік принциптері бойынша қала шаруашылығын реформалауды басты орынға қойып отырмыз. Бұл принциптерді табысты жүзеге асыру алдыңғы қатарлы «смарт» технологиялардың негізінде мүмкін болып отыр».
Әкім сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астананың алдыңғы қатарлы «ақылды» қалалары тізіміне енуі туралы мақсатты дер кезінде қоя білгенін атап өтті. Бұл тұрғыдан алғанда елордада инновациялық жобалар мен осы бағыттағы ұсыныстарды жүзеге асыратын «Smart Астана» концепциясы жұмыс істеуде. Аталмыш жобалардың арасында - «Smart» көлік, «Smart» тұрақ, «Smart» мектеп, «Smart» емхана, «Smart» көше жарығы мен «Smart» БЕО (Бірыңғай есептеу орталығы).
Ол, сондай-ақ, француз әріптестермен біріге отырып жасалған ASTAINABLE қаласы дамуының 3 Д-симуляторы туралы да айтып өтті.
«Бұл бірегей виртуалды платформа қарапайым модельдерге тиесілі шеңберден шығуға мүмкіндік береді және қаламыздағы болашақты мүмкін болатын дүниелерді көз алдымызға әкеледі, ал бұл өз кезегінде мемлекеттік билік өкілдеріне шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді», - деп түсіндірді Әділбек Жақсыбеков.
Әкім «Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету» жобасына да тоқталып, соның аясында қоғамдық жерлерде, жолдарда, көше қиылыстарында 15 мың бейнебақылау камераларын және оған қоса осы көлемдегі жеке камераларды орнату көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Қала басшысының сөзінше, бұл жобалар әлімдік кеңістіктегі ірі оқиға саналатын «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында бұл жобалар ерекше маңызға ие болып отыр.
«Біз аталмыш шараларды ұйымдастырудағы халықаралық тәжірибені және жалпы қала басқаруындағы жаңа дүниелерді зерттеуге мүдделіміз. Бұл тұрғыда, меніңше, қала дамуындағы ең үздік тәжірибелерді жинақтап, зерттеп, дамытумен айналысатын институционалды құрылым ашу жөн», - деді әкім.
Оның айтуынша, бұл орталық кәсіби эксперттерді урбанистика саласында жинап, халықаралық ұйымдармен бірігіп аталған процесстерді Қазақстанда игеруге жол ашады.
Өз сөзін қорытындылай келе Әділбек Жақсыбеков «Жаңа заман қалалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жұмысында талқыланған Қазақстанда Урбанистика орталығын ашу мәселесін қорытынды Ұсыныстар тізіміне енгізуге ұсыныс жасады.