Астана әкімі мен Чехияның Оңтүстік Моравия аймағының губернаторы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Чехия Республикасы Оңтүстік Моравия аймағының губернаторы Михал Гашекпен кездесті.
None
None

Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастыққа құрылған қарым-қатынас алдағы уақытта да өзара тиімді серіктестікті нығайтуға әлеуетті. Аймақаралық қатынасты дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оңтүстік Моравия аймағының гейтманы ғана емес Чехия өңірлері Ассоциациясының төрағасы ретіндегі Қазақстанға жұмыс сапарыңыз екі ел арасындағы аймақаралық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі белсендіруге қосымша серпін беретініне сенімдімін», - деді Ә.Жақсыбеков.

М. Гашек Чехия Республикасының Президенті М. Земанның Қазақстанға жасаған ресми сапарынан кейін оған екі жақты ынтымақтастықтың практикалық шешімдерін табу міндеті қойылғанын атап өтті. Оңтүстік Моравия аймағының гейтманы бірлесіп жұмыс істеу үшін білім және ғылым, кәсіпкерлік, мәдениет және туризм сияқты бірнеше әлеуетті саланы атады.

«Біздің аймақта ғылым, инновация және қазіргі технологиялар табысты дамуда. Зерттеуге бөлінетін қаржының үштен бір бөлігі біздің аймаққа тиісті. Осылайша, бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтары құрылды. Ең бірінші кезекте ғылыми орталықтар мен университеттер арасындағы жұмыс саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынамын», - деді М. Гашек.

Ә. Жақсыбеков Астана қаласының әкімдігі аталған барлық бағыттар бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында бірқатар іс-шаралар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ қала басшысы Чехия Республикасының көрмеге белсенді қатысып, аса маңызды шараға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

«Биыл Миланда ЭКСПО халықаралық көрмесінде Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің жоспарларымен таныстым. Біз Президент М. Земанмен сөйлестік, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне біздің барлық аймақтарымыз қатысатынын айта аламын», - деді М. Гашек.

Оңтүстік Моравия аймағының гейтманы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Астана қаласының әкімі мен елордалық делегацияны 2016 жылы аймаққа сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде, Ә. Жақсыбеков Чехия Республикасының бизнес-құрылымдарының өкілдеріне 29 қазанға белгіленген 6-шы «Астана-Инвест» халықаралық инвестициялық форумына қатысуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар