Астана әкімі тышқан қаптап жатқаны туралы тұрғындардың шағымына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – БАҚ өкілдері елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке тұрғындардың тышқандар қаптап жатқаны туралы мұңын жеткізді.

 Астана әкімі тышқан қаптап жатқаны туралы тұрғындардың шағымына жауап берді
Фото: pexels.com

«Тышқандар, егеуқұйрықтар тек көктем мен жазда қаптап кетеді деген мәселеге келсек, біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ерте көктемде бастаймыз, жұмыс жыл бойы жалғасады. Биыл өткен жылдарға қарағанда көп немесе өте көп болды деп ойламаймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы жарияланымдарды көріп отырмыз», - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек «Байқоңыр» ауданы тұрғындарымен кездесу барысында.

Сондай-ақ, қала басшысы жәндіктермен күреске бөлінетін қаржы көлемінің азаймайтынын айтты.

«Қала өсіп, тұрғын үй кешендерінің саны артып келе жатқанын ескерсек, бөлінетін сома ұлғаяды. Қанша сома екенін дәл қазір айта алмаймын, кейін жеткіземін», - деп толықтырды ол.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайының құрылысының аяқтау мерзімін атады. 

Айта кетсек, кешеден бері елордада қатты жел соғып, қолайсыз ауа райы қала тұрғындарын әбігерге салып жатыр. 

Бұған дейін жазғанымыздай, Ертіс-Баян өңіріндегі елді мекендерде үй тышқандарының қаптап кетуі биологиялық тұрғыдан алғанда қалыпты құбылыс. Биыл жердің ылғалды болуына байланысты қорек көбейіп, соның әсерінен тышқандардың көбею үдерісі жүруі ықтимал.

Соңғы жаңалықтар