Астана әкімдігі бір ат спорты кешенін 200 мың теңгеге сатып, жаңасын 7 млрд теңгеге сатып алған

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеев «Арғымақ» ат спорты кешенін сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отырғанын айтып, иппотерапия (тірек-қозғалысында ақау бар адамдарды атқа мінгізіп оңалту — ред.) қызметіне мұқтаж балалардың болашағына алаңдайтынын білдірді.

Жетісу облысында ерекше балаларға арналған тұңғыш иппотерапия орталығы ашылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

— 2016 жылы аукцион арқылы «Тұлпар» ат спорты кешені айтарлықтай күлкілі сомаға — 200 мыңдай теңгеге сатылған болатын. Осыдан кейін әкімдік алдыңғы шақырылым депутаттарына «Арғымақ» атты жаңа ат спорты кешенін сатып алу мәселесімен шықты. Оның бағасы бұл кезде 7 млрд теңге болды. Сол кездегі депутаттар корпусының бір бөлігі қарсы шыққанымызға қарамастан, басым дауыспен мәселені қолдау туралы шешім қабылданған. Ақыры сол «Арғымақ» ат спорты кешенін сатып алдық. Менің қолымдағы ақпарат бойынша қазір сол кешенді сенімгерлік басқаруға бергелі жатыр, — деді ол мәслихаттың бюджетті нақтылауға арналған отырысында.

Депутат сенімгерлік басқаруға алу тетігінің күмәнді тұстары болуы мүмкін екенін айтады.

— Өкінішке қарай, бюджеттің, халықтың ақшасына салынған нысандарымызды жеке компанияларға берудің осындай механизмі бар. Сонда олар біздің ақшамызға сатып алынған немесе салынған ғимаратты басқарудан ақша табады. Меніңше, бұл бюджеттік шаруашылықты басқарудың, бюджетті жұмсаудың соншалық тиімді тәсілі емес. Сондықтан осы жағдайды тағы бір талдап шықса деген өтінішім бар. Өйткені о баста аталған нысан ерекше балаларға иппотерапия қызметін көрсету үшін сатып алынып жатқаны, балалардың бәрі ақысыз кіре алатыны айтылған. Бірақ әдетте сенімгерлік басқарушы келген соң қызметтің көбін ақылы ете бастайды, — деді Владислав Сергеев.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов бұл мәселені пысықтау үшін аталмыш компания өкілдерімен өзі кездесетінін айтты.

— Атшабар мәселесін келсек, әріптестерімнен, оның ішінде Василий Левиттен (Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы — ред.) сенімгерлік басқарумен байланысты жағдайды нақтылауды сұраймын. Мен сіздер бұл мәселені пысықтағандарыңызға, сенімгерлік басқаруға беру басқару сапасын айтарлықтай жақсартатынына сенімдімін. Сенімгерлік басқару қалай жүзеге асатынын тағы бір пысықтау керек. Сенімгерлік басқарушыға алатындар халықпен қалай жұмыс істемекші, қызметтер қаншалықты ақылы болады? Осының бәрін нақтылау қажет. Нысан сенімгерлік басқаруға беріліп біткен кезде халық оның қалай жұмыс істейтінін біліп отыруы керек, — деді әкімнің орынбасары.

Василий Левит бұл мәселе қазір келіссөз сатысында ғана екенін айтты. 

Нұрлан Нұркенов басқарма басшысына сенімгерлік басқаруға алғысы келетін компаниямен кездесу ұйымдастыруды тапсырды.

Еске салсақ, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені 2022 жылы Республика күні мен Балалар жылына орай ашылған болатын

Соңғы жаңалықтар