Астана әкімдігі ЖЭО-ларды антидронмен жабдықтауға бюджеттен ақша бөлмейтін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қалалық мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин елордадағы жылу-электр орталықтарын дрон шабуылына қарсы кешенмен жабдықтауға бюджеттен ақша бөлуден бас тартуды ұсынды.

— 2-3 күн болып қалды, осы мәселені талқылап жатырмыз. Терроризмге қарсы комиссияның 22 мамырындағы қаулысы бар. Онда антидрондар (дрон шабуылына қарсы қорғаныс кешені) сатып алу керектігі айтылған. Коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттен ақша таптық. Бірақ қазір Жылу-электр орталықтарын жабдықтау мәселесі өзекті болып тұр. Бұлардың бәрі стратегиялық маңызы бар нысандар екенін білесіздер. Бір антидронға соншалық үлкен сома керек емес, шамамен 20 млн теңге болады. Қандай да бір ЖЭО-ға 2 немесе 4, тіпті 6-8 антидрон керек болса да, оны бюджеттен алмауымыз керек. Ол орталықтардың өз акционерлері бар. Солар сатып алып, жарақтандырсын. Осы мәселені ерекше бақылауға алсаңыздар, — деді депутат мәслихат отырысында.
Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов мәселені бюджет есебінен шешу тым ұзаққа созылатынын айтты.
— Иә, Терроризмге қарсы комиссияның стратегиялық нысандарды бюджет есебінен антидронмен жабдықтау туралы шешімі бар. Бірақ «Астана-Энергия» акционерлік қоғамы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын емес. Сондықтан бұл өте ұзақ процесс болады. Қазір пысықтап жатырмыз, — деді ол.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов шаруаны кәсіпорынның есебінен шешу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
— Бұл жерде сіздерге өз күштеріңізге үміт арту керек деп ойлаймын. Мүмкіндіктеріңіз бар. Жергілікті бюджет есебінен бәрін шешу мүмкін емес. Сондықтан сізден және әріптестеріңізден бұл мәселені кәсіпорын бюджетінен шешу жағын қарастыруды сұраймын, — деді әкімнің орынбасары.
Айта кету керек, Астанадағы жылу-электр орталықтары «Астана Энергия» АҚ-ға қарайды.