Астана әкімдігінің өкілі орыс тілінде ғана ақпарат бергені үшін ескерту естіді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева қоғамдық кеңес отырысында орыс тілінде ғана мәлімет бергені үшін ескерту естіді.

2025 жылғы қала бюджетін нақтылау жобасын таныстырған әкімдік өкілі баяндамасын орыс тілінде таныстырған. Қоғамдық кеңес мүшелері жазбаша ұсынылған мәліметтің бәрі де тек орыс тілінде екенін айтып, шенеунікті тіл саясатын құрметтеуге шақырды.
— Үшінші сайланған қоғамдық кеңесте келіскен болатынбыз. Баяндамаңызды қай тілде сөйлесеңіз де өзіңіз білесіз. Орысша сөйлесеңіз, қазақша жазбаша мәтін болсын. Ал қазақша сөйлесеңіз, орысша мәтін болсын деп келісіп едік. Енді өзіңіз келіп орысша сөйледіңіз, слайдтың бәрін орысша көрсеттіңіз. Қазақ тілі, мемлекеттік тіл қайда? Әлеуметтік мүдделерді қорғау комиссиясының төрағасы ретінде осындай талабым бар. Бұл осында басқармалардың бәріне қатысты. Орысша сөйлесеңіз де қарсы емеспіз. Бірақ жазбаша мәлімет қазақша болу керек. Тіл саясатын құрметтеулеріңізді өтінемін, — деді қоғамдық кеңес мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев.
Бұл сынды жиынның модераторы да қолдады. Ал Айжан Түгелбаева «сыныңыз қабылданды» деп қысқа жауап қайырды.
Сондай-ақ, аталған жиында Астана әкімдігі тағы да скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отырғаны мәлім болды.