Астана-Амман: саясат, экономика, мәдениет

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 ақпан күндері Иорданияға бірінші ресми сапармен барады. Астана мен Амманның өзара қарым-қатынасы жайында Kazinform агенттігі меншікті тілшісінің материалынан оқыңыздар.

Астана – Амман
Коллаж: Kazinform; Canva

Саяси диалог

Қазақстан мен Иорданияны мығым стратегиялық серіктестіктік біріктіреді. 2023 жылы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойы аталып өткен еді. Екі ел арасындағы саяси байланыс 1993 жылдың 1993 жылдың 9 ақпанында орнатылған. Осы жылдардың ішінде Астана мен Амман саяси, экономикалық және мәдени саладағы ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейте түсті. Екі ел де жоғары деңгейдегі белсенді саяси байланысты қолдап отыр. Атап айтар болсақ, Иордания королі Абдалла ІІ Қазақстанға бірнеше мәрте келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев корольмен Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 74 (2019 жылы) және 77- сессияларында (2022 жылы) екі рет кездесу өткізді.

Встреча Токаева и короля Иордании в ООН
Фото: t.me/bort_01

Алайда, бұл - саясаткерлердің алғашқы жүздесуі емес. Қасым-Жомарт Тоқаев монархпен 2015 жылы Сенат төрағасы болып тұрған кезінде Амманда, сонымен қатар Иордания королінің 2017 жылы Қазақстанға ресми сапары барысында кездескен болатын.

Қазақстан мен Иордания арасында парламентаралық байланыс та жолға қойылған. Екі елдің жоғары және төменгі палата төрағалары сан мәрте кездесу өткізіп, иорданиялық парламентарий Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық форумдарға тұрақты қатысады. 2019 жылы Иордания Парламенті екі палатасының да төрағасы Еуразия елдері Парламенті спикерлерінің 4-кеңесіне қатысты. Мұнан бөлек, Қазақстан Парламенті Сенатында Иордания Сенатымен ынтымақтастық жөніндегі топ жұмыс істейді. Дәл осындай топ Иордания Парламентінде де құрылған.

Халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Иордания БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық құрылымдар аясында белсенді өзара іс-қимылды жолға қойған. Екі ел де бітімгершілік миссияларға қатысып, Таяу Шығыстағы ахуалды реттеуге бағытталған бастамаларды қолдайды және палестиналық босқындарға көмек көрсету үшін БҰҰ-ның Таяушығыстық агенттігі жұмысына үлесін қосып келеді.

2025 жылдың қаңтарында Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Қазақстанмен және ИЫҰ-ға мүше өзге елдермен бірге Газа секторына 200 тонна ұн тиелген 12 жүк бөлігінен тұратын бірінші гуманитарлық керуен жөнелтті. Жеткізілімді Иордан Хашимит қайырымдылық ұйымы жүзеге асырды. Өйткені, Газа секторына мысырлық бағыттан кіру шектеулі болуына байланысты Иордания арқылы гуманитарлық дәліз бағдарламаның басты элементі болған еді.

Гуманитарная помощь сектору Газа
Фото: Арсен Утешев / Kazinform

Өзара тауар айналымының көлемі 4,2 пайызға артты

Мемлекеттер арасында сауда-экономикалық байланыс тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылдың қаңтар-қарашасында тауар айналымы 6 млн долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға өсім көрсетті. Өткен жылдың 11 айында Қазақстаннан Иорданияға экспорт көлемі 3,7 млн доллар болса, Иорданиядан келетін импорт көлемі 30,9 пайызға артып, 2,3 млн долларға жетті.

Қазақстан ұшу аппараттарын, табиғи бал мен қой етін экспорттайды. Ал Иорданиядан тоқыма бұйымдары, минералды тыңайтқыштар, тропикалық жеміс-жидектер мен өзге тауарлар келеді.

Сауда-экономикалық қатынастың маңызды құралы – Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-иорданиялық үкіметаралық комиссия. Аталған комиссия 2007 жылдан бері жұмыс жұмыс істейді. Комиссияның соңғы, 5-отырысы 2024 жылдың 10-11 желтоқсан күндері Амманда өтті. Отырыс барысында мәселелердің кең ауқымы талқыға түсті. Олардың қатарында геолоиялық барлау және уранды қоса алғанда пайдалы қазбаларды өндіру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі де қозғалды. Иорданияның мемлекеттік уран компаниясымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының корольдіктегі уран жобаларына қатысу мәселесі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мұнан бөлек, Қазақстан-Иордан іскерлік кеңесі жемісті жұмыс істеп тұр. Аталған кеңестік кезекті отырысы осы жылы Астана қаласында өтпек.

2024 жылдың қыркүйек айында Амманда сауда-инвестициялық кезесу өтіп, оның барысында Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына инвестиция тарту негізгі тақырыптардың біріне айналды. Дөңгелек үстел қорытындысында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы 9 екіжақты меморандумға қол қойылды.

2005 жылдан бері Иорданиядан Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 15,4 млн долларға жетті.

Егер ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттары жайында айтар болсақ, онда фармацевтика, туризм, ІТ секторы, косметология, ветеринария, жеңіл және атом өнеркәсібі сынды салаларды айрықша атап өтуге болады. Алайда сауда байланыстарының серпінді дамуына логистикалық қиындықтар, Иорданияда ірі трансұлттық компаниялардың болмауы және көлік шығындарына байланысты Қазақстан тауарлары бағасының бәсекеге қабілетсіздігі кедергі келтіріп отыр.

Әскери-техникалық ынтымақтастық

Қазақстан мен Иордания арасындағы әскери өзара іс-қимыл нығайып келеді. 2016 жылдың қаңтарында Амманда Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім рәсімделді.

Қазақстанның әскери қызметшілері Иорданияда өтетін «Eager Lion» оқу-жаттығуына қатысып тұрады. Ол Таяу Шығыс өңіріндегі ірі әскери оқу-жаттығулардың бірі саналады және серіктес елдер арасында әскер тәжірибе алмасуға және жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Қазақстанның әскери қызметшілерінің қатысуымен мұндай соңғы оқу-жаттығу былтыр өткізілген болатын.

Бауырлас қалалар

Елдер арасындағы мәдени байланыстар да қарқынды даму үстінде. 2005 жылы Астана мен Амман бауырлас қалалар атанса, 2008 және 2009 жылдары екі елдің астаналарында Қазақстан мен Иорданияның мәдени күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

2014 жылы Астана көшелерінің біріне король Хусейн бен Талал есімі берілсе, 2020 жылы Аммандағы көшелердің бірі Абай Құнанбайұлының есімімен атала бастады.

Білім саласында да екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейде деуге болады. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 288 иорданиялық студент білім алып жатыр. Ал Иордания университеттерінде Қазақстанның мәдени орталықтары ашылды.

- Қазақстан Президентінің Иорданияға сапары – екіжақты қатынастар үшін маңызды оқиға. Өйткені, бұл Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапары болмақ. Көшбасшылардың кездесуі елдеріміз арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп күтіледі, - деді Қазақстанның Иордан Хашимит Корольдігіндегі елшісі Талғат Шалданбай.

Дипломаттың атап өтуінше, сапар барысында ынтымақтастықтың экономика, сауда, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, БАҚ, атом өнеркәсібі және ветеринария сынды негізгі салаларында бірқатар маңызды келісімге қол қою жоспарланған.

- Бұл уағдаластық қазіргі байланысты нығайтып қана қоймай, бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді ол.

Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, саяси диалогті күшейтуге және экономикалық бастамаларды арттыруға нық негіз қалыптастыратындығын баса айтады.

- Қазақстан мен Иордания - өзара іс-қимылы тұрақты даму жолындағы сенім мен ортақ мүддеге негізделген серіктестер, - деді Иалғат Шалданбай.

Көлік қолжетімділігі, логистиканың жоғары құны сынды қиындықтарға қарамастан, екіжақты қатынастың әлеуеті жоғары болып қала бермек. Кедергілерді жоюға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген екіжақты күш-жігер ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, елдер арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға септігін тигізе түсері анық.

Соңғы жаңалықтар