«Астана арландары» құрамына үш жаңа боксшы келді
"Аламан" ұлттық спорт порталының мәліметіне қарағанда, оның екеуі бізге етене таныс Самат Башенов пен Рустам Сыбаев. Енді бірі - украиналық ауыр салмақтағы Андрей Томчук. Самат пен Рустам бүгіннен бастап жаттығуға кірісті. Ал украиналық боксшы Астанаға бүгін келмек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, команданың жаңа мүшелерінің бірі қызылордалық Рустам Сыбаев - еліміздің екі дүркін чемпионы, бір мәрте күміс жүлдегері, сондай-ақ Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық беделді турнирдің жеңімпазы. Онымен бірге командаға қабылданған қостанайлық Самат Бәшенов - еліміздің жасөспірімдер арасындағы 2005 жылғы чемпионы, Азияның жасөспірімдер арасындағы 2006 жылғы чемпионы және ең үздік боксшысы, еліміздің ересектер арасындағы 2010 жылғы күміс, 2011 жылғы қола жүлдегері. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Жаңа жылдың алдында «Astana Arlans» командасының мүшелері үйлеріне тарап кетті. Ал қаңтардың 3-і күні олар Астанада жиналды. Команда осында Бүкіләлемдік серияның ең принципті матчтарының бірі - 14 қаңтар күні АҚШ-тың «Los Angeles Matadors» клубы боксшыларымен өтетін жекпе-жектерге дайындалады. Осының алдында, қараша айының ортасында Мұхиттың арғы жағалауында өткен осы қарсыластардың бірінші кездесуінде АҚШ командасы 3:2 есебімен жеңіп кеткен еді.