Астана аспанында ғажайып құбылыс байқалды

Гало құбылысы қатты аяз болған кезде күннің не айдың айналасында пайда болады. Шындығында, бұл кемпірқосақ, оның негізі күн сәулесінің суда емес ауадағы мұз кристалдарына сынуы. Бұл ерекше құбылысты ашық аязды күндері бақылауға мүмкіндік бар.
Жалпы табиғаттың мұндай ерекше құбылысын қазақ халқы қоралану деп атаған. Қоралану - Күн және Ай секілді жұлдыздық нысандардың айналасында пайда болатын, пішіні алқаға (не дискке) ұқсайтын айқын көрінетін жарық жолағы болып, ол жарықтың бұлттағы мұз кристалдарынан сынуы және шағылуы нәтижесінде пайда болатын атмосфералық-оптикалық құбылыс. Ол көбінесе сақина пішінді, доға, жарық діңгегі, нұрлы дақ секілді пішіндерде болып, күнді, не айды қоршап тұрады. Ол қызыл, қызғылт сары, жасыл, көк, көгілдір, күлгін секілді 7 түрлі түстің қабаттасуы болып көрінуі мүмкін.
Ата-бабаларымыз қораланудың күннің төңірегінде көрінгенін «күн қоралануы», айдың төңірегінде көрінгенін «айдың қоралануы» деп атаған. Бұдан басқа күннің қасынан қатарласқан күн пайда болса оны Сағым күн деп атаған. Атмосферадағы мұз кристалдарын түйдек бұлттар әкеледі, оларға күн (ай) сәулесі шағылысқанда адам көзіне іші қызыл, сырты күлгін сақина пішінді жарықтар көрінеді. Ал, егер су тамшылары күнге шағылысса, одан көбінесе кемпірқосақ секілді құбылыстар туылатыны белгілі.
Мұндай құбылыс осы жылдың қаңтар айында Қарағанды облысында, ал қарашада елорда көгінде байқалған еді.
«Күн қораланса күрегіңді сайла, Ай қораланса аяғыңды сайла», деп айтатын мамам ылғи. Бірақ ылғи айдың қораланып тұрғанында айтатын, күннің мынандай бейнесі бұрын көрмеппін... Қалың қар жауатын сяқты шамасы», - деп жазады әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.