Астана әуежайы 20 жылға жуық өзгермеген тарифті қайта қарауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық әуежайы әуе кемелеріне тұрақ орнын ұсыну қызметінің 2006 жылдан бері өзгермеген тарифін қайта қарауға бастамашылық жасады.

Международный аэропорт Астаны
Фото: Астана әуежайының баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта халықаралық бағыттарды қоспағанда, әуе кемелеріне базалық әуеайлақта тұрақ орнын ұсыну тарифі ұшақтың ең жоғары ұшу массасының әр тоннасына тәулігіне 72,05 теңгені құрайды. Бұл мөлшерлеме 2006 жылғы 1 желтоқсаннан бері өзгермеген.

Әуежай мәліметінше, осы уақыт аралығында инфрақұрылымды күтіп-ұстауға, жөндеуге, арнайы техникаға, материалдар мен жанар-жағармайға, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар айтарлықтай өскен.

Соның салдарынан аталған қызметтен түсетін кіріс әуежайдың нақты шығындарын өтемей отыр.

– Тарифті қайта қарау қажеттілігі, ең алдымен, қолданыстағы тарифтің экономикалық тұрғыдан негізсіз болуына байланысты. Пайдалану шығындарының тұрақты өсуіне қарамастан, аталған тариф жиырма жылға жуық уақыт бойы өзгермеген. Осы кезеңде әуеайлақ инфрақұрылымын күтіп-ұстау және жөндеу, арнайы техникаларға қызмет көрсету, материалдар мен жанар-жағармай сатып алу шығындары едәуір артты. Қазіргі уақытта аталған қызметті көрсетуден түсетін кірістер әуежайдың нақты шығындарын өтемейді, – делінген әуежай ақпаратында.

Тарифті қайта қарау «Табиғи монополиялар туралы» заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Көлік министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №66 бұйрығына сәйкес, бұл қызмет реттелетін әуежай қызметтерінің тізбесіне енгізілген.

Әуежай 2027-2031 жылдарға арналған жаңа тарифтерді бекіту жөнінде өтінім дайындаған. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау аясында Азаматтық авиация комитетінің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр.

Әуежай өкілдері бастама барлық әуежай алымдарына қатысты емес екенін атап өтті. Тек халықаралық бағыттарды қоспағанда, әуе кемелеріне базалық әуеайлақта тұрақ орнын ұсыну қызметінің тарифі қайта қаралмақ.

Ұсынылған өзгерістер инфрақұрылымды күтіп-ұстау, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жабдықтарды жаңарту шығындарын өтеуге бағытталған.

Сонымен қатар 2027-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында әуеайлақ жабындарының жай-күйін бақылайтын жабдықтар мен арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа тарифтің нақты мөлшері әзірге жарияланған жоқ. Оны бекіту туралы түпкілікті шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана әуежайы ішкі рейстерде телескопиялық трапты пайдалану тарифін 1040 пайызға көтеруді ұсынған болатын. Бұл бастамаға әуе компаниялары қарсылық білдіріп, тарифтің күрт өсуі әуе билеттерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін ескерткен еді.