Астана әуежайында биометриялық тексеру жүйесі сынақтан өтпек
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әуежайында жолаушыларды биометриялық аутентификациялауды енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылмақ. Осыған қатысты Көлік министрінің бұйрық жобасы ашық НҚА порталында жарияланды.
Ведомствоның мәліметінше, жоба Астана әуежайында жолаушыларға қызмет көрсету процесін жақсартуға бағытталған.
— Биометриялық аутентификация бойынша жобаны енгізу жолаушыларға қызмет көрсету уақытын қысқартуға, ұшу алдындағы рәсімдерден өтуді оңтайландыруға және Астана әуежайындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, — делінген бұйрық жобасының түсіндірме жазбасында.
Құжат 4 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Айта кетейік, таяуда Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен еліміздегі барлық әуежайлар мен әуе компаниялардың бірінші басшыларының қатысуымен 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңес барысында Көлік вице-министрі қысқы кезеңде азаматтық авиацияның қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Сонымен қатар елімізде әуежайлар жаңғыртылып, ұшақтар паркі жаңаратынын жазғанбыз.