Астана әуежайының ұшу-қонау жолағы уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана халықаралық әуежайы» АҚ жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты ұшу-қону жолағы уақытша жабылатынын хабарлады.

Уақыты: 2025 жылғы 1-4 қыркүйек аралығы,
2025 жылғы 8 қыркүйектен 31 қазанға дейін.
Көрсетілген күндері күн сайын Астана уақыты бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ұшу-қону жолағы ұшақтардың ұшып-қонуы үшін жабық болады.
2025 жылғы 5–7 қыркүйек аралығында ұшу-қону жолағы қалыпты режимде жұмыс істейді, рейстер жоспар бойынша орындалады.
Осыған байланысты рейстердің кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Жолаушылардан рейске қатысты өзекті ақпаратты авиакомпания өкілдерінен алдын ала нақтылап алуды сұраймыз.
- Жөндеу жұмыстары аэродром инфрақұрылымын жоспарлы түрде жаңарту шеңберінде жүргізіледі және бұл әуе тасымалының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жолаушылар мен авиакомпанияларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Астана әуежайы араб инвесторынан қала балансына қайтарылғаны туралы жаздық.