Астана әуежайынан бірнеше халықаралық ұшақтар ұша алмай жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әуежайынан Шымкент, Ыстанбұл және Мәскеу бағытына ұшақ ұша алмай жатыр. Бұл жайында Азаматтық авиация комитетінің Фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әуежайынан бірнеше халықаралық ұшақтар ұша  алмай жатыр

Ведомство мәліметінше, Астана-Шымкент бағытындағы КС341 рейсі мен Астана-Шереметьева бағытындағы КС873 рейстері ұшақ сыртына арнайы сұйықтық шашылғаннан кейін тұрақ орнына жеткізілген.

«Қатты желдің салдарынан сұйықтық шашылған. Желдің жылдамдығы секундына 11-17 метрге дейін жетеді. Астана-Ыстанбұл бағытындағы КС 917 рейсінің ұшу уақыты техникалық себептерге байланысты сағат 22-30-ға дейін шегеріледі», - делінген комитет ақпаратында.

Бұған дейін боран салдарынан «Астана-Франкфурт» рейсі кейінге шегерілгенін хабарлаған едік.