Астана әуежайында «Бек Эйр» ұшағы шассиінің шықпай қалуы себебі анықталды

«Қазіргі кезде оқиғаның шын мәніндегі себебі анықталды. Сонымен, шассидің алдыңғы тұғырының шықпай қалуына ұшақтың шасси тұғырын жинау және шығару цилиндрін басқаратын гидроагрегат сымының ішінара қарысып қалуы себеп болды. Оның себебін «Бек Эйр» авиакомпаниясы инженерлік-авиациялық қызметі Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін жасаған зауыттың техникалық мамандарының қатысуымен және көлік прокуратурасының, авциациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияның қадағалауымен анықтады. Таяудағы уақытта Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін жасаған зауыт «Бек Эйр» авиакомпаниясына ресми құжат жолдайды және ол авиациялық оқиғаларды тексеру комиссиясы мен көлік прокуратурасына беріледі, сондай-ақ «Бек Эйр» авиакомпаниясының сайтында жарияланады», - делінген авиакомпанияның мәлімдемесінде.
Сөйтіп, Fokker-100UP-F1012 әуе кемесімен болған оқиғаның себебі пайдалану кемшіліктерінен емес, конструкциялық-өндірістік кемшілік екені қуатталды.
«Мұндай конструкциялық-өндірістік кемшіліктер қашан шыққанына қарамастан кез келген әуе кемесі үлгілерінде болады және одан әлемдегі ешбір авиакомпания сақтанып қала алмайды. Әуе кемесінің ұшуын ойдағыдай аяқтау үшін оның кабинасында білікті және тәжірибелі экипаж болуы тиіс, «Бек Эйр» авиакомпаниясының экипажы міне осындай ілкімділік көрсете білді. «Бек Эйр» авиакомпаниясының экипажы мүшелері ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті мақұлдаған Амстердам қаласындағы «CAE training center» оқу-жаттығу орталығында оқудан және әлсін-әлі жаттығудан (алты айда бір рет) өтіп тұрады», - деп атап өтілген хабарламада.
Сонымен бірге, Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін жасайтын зауыт өкілдері Fokker-100 үлгісіндегі ұшақтарда мұндай конструкциялық-өндірістік кемшілік көпжылдық бүкіл тарихында алғаш рет болып отырғанын және «Бек Эйр» авиакомпаниясы экипажы іс-қимылының салқынқанды және сауатты болғанын оң атап өтті, сондай-ақ таяудағы уақытта сервистік бюллетень шығарылатынын және Fokker ұшақтарының әуе кемелеріне қызмет көрсету бағдарламасына толықтырулар енгізілетінін атап көрсетті.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы 27 наурызда Қызылорда - Астана бағыты бойынша Z9-2041 рейсін орындаған «Бек Эйр» авиакомпаниясының ұшағы Астана қаласының әуежайында апаттық жағдайда қонды. Астана қаласының әуежайына қонуға бет алған кезде экипаж шассидің алдыңғы тұғыры ашылмай тұрғанын баяндады. Шасси тұғырын қосалқы (қолмен) шығаруға тырысу әрекеті нәтиже бермеді. Осыған байланысты экипаж бұл жағдайдағы қажетті барлық шараларды қолға алды. Қону алдыңғы шасси тұғырынсыз атқарылды. Қону ойдағыдай өтті. 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің бірде-бірі зардап шеккен жоқ. Борттық нөмірі UP-F1012 Fokker-100 әуе кемесі аздап бүлінді және қалпына келтіруге жатады.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде авиациялық оқиғаларды тексеру жөнінде комиссия құрылды, оған Амстердам қаласынан (Нидерланды Корольдігі) келген Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін жасайтын зауыттың техникалық мамандары қосылды.
2016 жылғы 31 наурызда «Бек Эйр» авиакомпаниясы инженерлік-техникалық қызметінің және Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемесін жасайтын зауыт өкілдерінің күшімен әуе кемесі ішінара қалпына келтірілді және өз аяғымен Алматы әуежайына ұшып кетті, онда жұмыстар жалғастырылды.