Астана әуежайында іздеуге жарияланған алаяқ ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы 14 шілде күні Астана халықаралық әуежайында «Астана-Шереметьево» бағытындағы ұшақтан 1 шілдеден бері алаяқтық үшін іздеуге жарияланған 57 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚР ІІМ Астана қалалық Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

Астана әуежайында іздеуге жарияланған алаяқ ұсталды

«2013 жылдың 18 маусымында аталмыш азамат Семей қаласының Ж есімді тұрғынының сеніміне еніп, алдамшы жолдар арқылы қаражат алып, азаматшаға 1,2 миллион теңге көлемінде зардап тигізген», - делінген хабарламада.

Жедел-алдын алу шаралары барысында ұсталған күдікті Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалды. Тергеу жүргізілуде.

Еске сала кетейік, ірі көлемдегі алаяқтық үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және бар жеке мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.