Астана аумағынан 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылды – ТЖД

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының аумағынан 4,5 млн-нан астам текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бүгінде қала аумағынан 4,5 млн-нан астам текше метр қар шығарылды. Қала маңында 7 полигон бар. Көктем келіп су тасу қаупіне байланысты қар тазалау, шығару жұмысы жедел режимде жүріп жатыр. Осы орайда жеке үй тұрғындарына өтініш - ауладағы қарды көшеге шығарып қойсаңыздар. Одан әрі біздің жұмысшылар алып кетеді», - деді қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Бауыржан Бейсенқанов елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қар жинау жұмысы әкімдік пен жауапты мекемелердің басты назарында.

«Су шаю қаупі әсіресе қала шетіндегі жеке тұрғын үйлерге қатысты. Жекелеген тұрғын үйді немесе көшені аздап су шайған жағдайлар бар, бірақ су басу жайты тіркелген жоқ. Бүгінде су шайған аумақтарда ТЖД мамандары мен коммуналдық қызмет жұмысшылары төтенше жағдай салдарын жойып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін ТЖД өкілі елордада су шаю қаупі бар учаскелер туралы сөз қозғаған еді.


Соңғы жаңалықтар