«Астана» аяқдопшылары шет елдегі алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанбақ
Ойыншылардың негізгі құрамын сақтап қалған астаналықтардың 4 аяқдопшысы оған қатыспайды. Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Слободан Крчмаревичтен шақырту алғандар 10-18 қаңтар аралығында Алматыдағы оқу-жаттығудан кейін, Санкт-Петерборда өтетін Достастық кубогында ел намысын қорғайтын болады. Сол себепті қорғаушы Дамир Даутов, шабуылшы Денис Прокопенко, қақпашы Денис Овсянников пен «Оқжетпестен» аусып келген жартылай қорғаушы Исламбек Қуат астаналықтардың қатарына алдағы уақытта жоспарланып отырған өзге 2 жиында ғана қосылмақ. Бұл жолы онда қақпашылардан - Ненад Эрич пен Алексей Белкин, қорғаушылардан Марк Гурман, Михаил Рожков, Қайрат Нұрдаулетов, жартылай қорғаушылардан - Пиралы Алиев, Марат Шахметов, Драган Богавац, шабуылшылардан Таңат Нөсербаев пен Игорь Бугаев қатысады. Оған сондай-ақ, қосалқы құрамдағы қақпашылар Римас Мартинкус пен Александр Коночкин шақырту алып отыр.