«Астана Балет» театры Ұлы Жібек жолы бойымен саяхатқа шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 8 шілдеде «Астана Балет» театрында ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» спектаклі қойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото: «Астана Балет» театрының баспасөз қызметі

«Астана Балет» театрының Х мерейтойлық маусымы аяқталуға жақын.

Қойылым авторлары көрермен қауымды Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат құруға шақырады.

«Бұл спектакльдің репертуарымызда алатын орны ерекше. Көрермен көзайымына айналған туынды. Әсем, қайталанбас туынды Шығыстың тылсым әлемінің сырын аша түседі. Біз Жібек жолының бойындағы елдерге саяхат құрамыз. Бұл балетте дәстүр мен қазіргі заманның өрнектері, орындаушылардың шеберлігі мен әр көрерменді терең ойға жетелейтін көріністер үйлесім тапқан. Бұл туынды көрермен көңілінен шығып, көпшілік ерекше қызығушылықпен тамашалайтын спектакльге айналғанын мақтан тұтамыз», – деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.


«Жібек жолы» спектаклі – шығыс колориті, өткен дәуірдің қайталанбас атмосферасы, сахнаның безендірілуі мен бірегей хореография тілі үйлесім тапқан нағыз мәдени қазынаға айналды. Сюжет иірімдерінен тарих тағылымын танып, мәдениеттердің өзара алмасуы мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың ерекше маңызға ие екенін түсінеміз.

Балет төрт композитордың шығармасына сүйеніп қойылған. Атап айтқанда Арман Амар, Владимир Иванофф, Омар Фарук Текбилек және Ренат Ғайсин.


«Мерейтойлық маусымымызды ерекше мақтанышпен атап өтіп жатырмыз. Себебі, біздің шығармашылығымызға көңіл бөлетін көрермен қауыммен бірлесіп, болашақ тарихтың өрнегін салып жатырмыз. Көрерменнің ыстық ықыласының арқасында жеткен жетістігіміз баршылық. 10 жылда біз ғаламат спектакльдер шығарып, мыңдаған адамның жүрегінің төрінен орын алғанымыз ақиқат. Сондықтан, біз үшін әр көрермен қымбат, олардың қолдауының арқасында біз шабыт алып, жаңа белестерге ұмтыламыз. Болашақта алар асуымыз, тың шығармашылық белестеріміз көп боларына сенімдіміз», – деді театр директоры Александр Совостьянов.


Соңғы жаңалықтар