Астана байланыс аясынан тыс жерде: Ақтөбедегі цифрлық портал істен шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қаладағы саябақта тұрған цифрлық портал алынып тасталады. Істен шыққан соң ешкімге керек болмай қалды. 

Астана байланыс аясынан тыс жерде: Ақтөбедегі цифрлық портал істен шықты
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбелік кәсіпкер Триатлон саябағына цифрлық портал салып берді. 2021 жылы ресми түрде ашылып, оған сол кезде облыс әкімі болған Оңдасын Оразалин мен қала әкімі болған Асхат Шахаров қатысты. 

Алайда арада 4 жыл өткенде портал қирап, жарамсыз күйге түсті. Бұл дүние қазір кәсіпкерге де, жергілікті әкімдікке де қажет емес. Сөйтіп алып тастауға шешім қабылданды. 

– 2021 жылдың қараша айында нақты уақыт режимінде қосылып тұратын цифрлық портал қойылды. Ол портал тек Астана қаласын көрсететін болды. Мұны кәсіпкер Геннадий Зобенко демеушілік есебінен қойып берді. Цифрлық технолонияның жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, күтіп ұстауды міндетіне алды. Сөйтіп қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруалық бөлімінің балансына тапсырған жоқ. Кәсіпкер міндеттемесін орындамады. Ал қазіргі уақытта портал жұмыс істемей тұр. Оны жөндеу үшін кәсіпкер порталды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне өткізу, бюджеттен қаржы қарастырып, жөндеу орнын табу керек. Күтіп ұстауға да қыруар қаражат бөлінуі қажет. Бұл бюджет үшін тиімсіз. Сондықтан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі порталды демонтаждау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова. 

Айта кетейік, Ақтөбеде былтырғы су тасқыны кезінде бұзылған, жарамсыз болған үйлер биыл сүрілуі тиіс. Әлі күнге дейін мердігер анықталмай жатыр. 

Соңғы жаңалықтар