Астана базарларындағы ет қаншалықты қауіпсіз
АСТАНА. KAZINFORM — Маусым айында Ақмола облысында сібір жарасы тіркеліп, етсіз ас батпайтын ағайынды біраз алаңдатып тастады. Kazinform тілшісі осы орайда елорда базарларын аралап, ет саудасы қалай ұйымдастырылып жатқанын шолып қайтты.

«Көктал» базары
Мұнда ет сататын 28 нүкте бар:
• 5 — қой етін;
• 15 — сиыр етін;
• 8 — жылқы еті сатады.

Бұлардан бөлек еттің бірнеше түрін сататын екі үлкен нүкте тағы бар.
— Ет сататын нүктелер мал иелерінен аздап қана, бір күнде өтіп кететіндей мөлшермен алады. Сондай күнбе-күн сатқан ет балғын болып тұрады, — дейді базар әкімшісі.

Ет қабылдау таңғы сағат 8.00-ден 10.00-ге дейін жалғасады. Негізінен етті Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Петропавл облыстарынан әкеледі. Ал әр дүйсенбі — санитариялық күн.
— Ет базарға түспей тұрып, сертификатталып, зертхана сынақтарынан өтеді. Жарамды етке мөр басылады. Базарға сонда мөрі бар ет қана жіберіледі, — дейді базар әкімшісі.

«Шапағат» сауда-ойын-сауық орталығы
Мұнда санитариялық күн айына бір рет, ақырғы дүйсенбі сайын өтеді. Ет қабылдау сағат 7.00-де басталып, 10.00-де аяқталады. Өнімді Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Шучинск қалаларынан әкеледі.

— Біздің базарда шошқа еті сатылмайды. Ет сататын 80 нүкте бар. Бәрінде сиыр, қой, жылқы еті сатылады. Тек зертханада тексеруден өткен етті ғана аламыз, — дейді базар әкімшісі.

Сауда орталығының менеджері біздің көз алдымызда ғимарат ауласында тауық етін ашық сөреде сатып тұрған кәсіпкерге 20 мың теңге айыппұл салды. Бұл олқылықты екінші рет қайталаса, 150 мың теңге айыппұл салатынын да айтты.
Басқа базарлар ше?
«Артем», «Әлем», «Әсем», «Еуразия» базарларында да сауда қалыпты. Тұрып қалған, иістенген ет кездеспеді. Сатушылар қолына арнайы қолғап киген, сауда алаңдары таза. Бірақ базар әкімшілері мен менеджерлері сауда қалай ұйымдастырылатынын айтудан бас тартты.

Ет саудасын кімдер бақылайды?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Астананың өзінде ғана ветеринарлық-санитариялық сараптама жасайтын зертханасы бар 15 базар жұмыс істеп тұр. Оның бәрінде мемлекеттік инспекторлар күн сайын өнімнің санитариялық талапқа сәйкес болғанын қадағалайды.
Мал иелерінен ет сатып алған кезде ветеринар мамандар бірге жүреді. Ветеринарлық анықтама, мөр бар екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қабылдауға рұқсат береді. Ақпараттық жүйеден малдың тіркеу құжаттарын, тасымал қаншалықты заңды орындалғанын да тексереді.

Жыл басынан бері криминалдық полиция өкілдері Астана базарларында 3 рет рейд жүргізіпті. Соның негізінде жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге 53 әкімшілік қаулы толтырылған. Дегенмен ауру малдың етін сату фактісі тіркелмеген. Олқылықтың бәрі құжатты дұрыс рәсімдемеумен байланысты болса керек.
Қала қақпаларындағы блокпостар
1-11 шілде аралығында ветеринар инспекторлар Көкшетау, Астрахан, Павлодар, Қосшы, Қараөткел трассаларының кіре берістерінде орнатылған 6 блок-бекетте жұмыс істеген. Ет пен мал тиеген 130 көлік тексеріліп, 491,5 мың теңгенің 11 заң бұзу фактісі тіркелген. Заң бойынша ондай ет бірден тәркіленіп, сараптама жасату үшін зертхана жіберіледі. Сараптама қорытындысы шыққанша ол ет арнайы орында сақталады. Еттен ақау табылса, құжаты дұрыс болмаса, иесіне айыппұл салынады.

Бұған дейін Ақмола облысының бас ветеринары Сібір жарасының өршуіне байланысты жазаланғанын жазған едік.