Астана боз кілемінде қанша қазақ ұл-қызы Риоға жолдама алады?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 18 наурыз күні елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде күрестің үш түрінен, яғни еркін, грек-рим және әйелдер күресінен Азияның кіл мықты балуандары арасында Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады.

Біз «қазақ балуан халықпыз» деп мақтанып жатамыз. Иә, арғы ата-бабаларымыздан небір алып күш иелерінің ерліктері бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетті. Күш атасы Қажымұқан мен Балуан Шолақтан бері қарай да талай алыптарымыз қазақтың намысын биіктен көрсете білді. Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров және кеше ғана жарық дүниемен қош айтысқан Әбілсейіт Айханов ағаларымыз белгілі себептермен Олимпиада ойындарында өнер көрсете алмаса да, ерліктері мен рухы бүгінгі жастарға ғана емес, келер ұрпаққа да аңыз болып қалары даусыз. Қазақ күресінің тарихына көз жүгіртіп қарап отырсақ, Олимп шыңын бағындырған екі-ақ қазақ балуаны бар екен. Олар Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров. Екеуі де кешегі Кеңестер Одағының тұсында топ жарып, әлемге танылды. Алайда, Тәуелсіздік алған жылдардан бері бірде-бір қазақ балуаны Олимпиада шыңына шыға алмай келеді.

Дәулет Тұрлыхановтың 1988 жылғы күмісі де КСРО қоржынына түсті. Даңқты балуанымыз одан кейінгі Олимпиадада да жүлдесіз қалған жоқ. Бірақ, бұл жолы да бұйырғаны алтын емес еді. Қазақ жанкүйерлерінің алтын аңсағанына бүгінде отыз бес жылдан асты. Тәуелсіздіктен кейінгі Мәулен Мамыровтың, Нұрбақыт Теңізбаевтың, Әсет Мәмбетовтің, Ақжүрек Таңатаровтың жүлделері бұл спортшылар үшін үлкен жетістік екені даусыз. Алайда, жанкүйерлер үшін дәтке қуат қана. Бас жүлдені қандай жүлде алмастыра алуы мүмкін?!

Қазақ жанкүйерлері Лондон Олим­пиадасында күрес түрлерінен қатысқан балуандарымызға ерекше үміт артқаны белгілі. Олимпиадаға дейін Нұрмахан Тінәлиев балуандар арасында басты үміткер ретінде дәріптелді. Оның қолына Елбасы Мемлекеттік туды сеніп тапсырды. Ал Дархан Баяхметов, Дәурен Жұмағазиевтерге де артылған сенім басым болды. Бірақ, бұл балуандардың ешқайсысы да көпшілік күткен нәтижені көрсете алмады. Міне, әне-міне дегенше төрт жылды артқа қалдырып, Рио Олимпиадасының жалауы тұтануға да бірнеше ай ғана қалды. Биыл күрес түрлерінен кімдерге үміт артамыз?

Бұл сұраққа бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде үш күнге жалғасатын Азияның лицензиялық турнирінде күресетін балуандарымыздың қарымына қарап баға беретін боламыз.

Сары құрлықтың барлық мықтылары бас қосатын жарыста Олимпиада ойындарының 36 жолдамасы сарапқа салынады. Яғни осы дүбірлі додада әр салмақ дәрежесі бойынша финалға дейін сүрінбей жеткен әр балуан Бразилия төрінде өтетін басты додаға баратындар тізіміне енеді.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы­ның бас бапкері Сергей Белоглазов Мейіржан Әшіров (65 келі ), Ғалымжан Өсербаев (74 келі), Аслан Кахидзе (86 келі), Мәмед Ибрагимов (97 келі ) және Дәулет Шабанбай (125 келі) сынды сайыпқырандарға сенім артып отыр. Осы балуандардың арасынан 32 жастағы Дәулет 2012 жылы Лондон Олимпиадасында бесінші орынға табан тіреген болатын. Енді Астанада топ жарса, Рио Олимпиадасында тағы бір өз бағын сынайтын болады. Қазір еркін күрестен жерлестерімізде әлі Риоға бірде-бір жолдама жоқ. Сондықтан балуандарымыз өз алаңында барын салып, белдеседі деген үміттеміз.

Ал грек-рим күресі шеберлері арасынан қазірге дейін Риоға екі жолдама бар. Оның иелері Алмат Кебісбаев (59 келі) пен Досжан Қартықов (75 келі). Бұл екі балуанымыз бұл жолдаманы өткен жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында иеленген болатын. Енді ұлттық команданың бас бапкері Таңат Сағындықов қалған төрт салмақ дәрежесі бойынша Магомед Чухалов (66 келі), Аза­мат Құстыбаев (85 келі), Марғұлан Әсем­беков (98 келі) және Нұрмахан Тінә­лиев (130 келі) сынды шәкірттерін жарыс жолына шығармақ.

Нұрмахан бауырымыз осыған дейін әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері, Азия ойындары мен Азия біріншілігінде екі реттен бас жүлдені еншілеген болатын. Лондон Олимпиадасына қатысып, жарыстан ерте қоштасқаны әлі есімізде. Биыл сол олқылықтың орнын толтырып, қазақ елінің қоржынына бір медаль салады деген үміттеміз.

Енді әйелдер күресіне тоқталсақ. Бұрымды балуандарымыз да осыған дейін бірде-бір жолдамаға иелік ете алмай келді. Ал өз елімізде Рио олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын бәсекеде барын салады деген үміттеміз. Сол себепті де біздің қыздар барлық алты салмақта күш сынасады. Астанадағы турнирде қазақ елінің намысын Жұлдыз Ешімова (48 келі), Зүлфия Яхиярова (53 келі), Айым Әбділдина (58 келі), Екате­рина Ларионова (63 келі), Елмира Сыз­дықова (69 келі) және Гүзел Манюрова (75 келі) сынды спортшылар қорғайды.

Астанаға Азияның кіл мықтылары жиналатыны анық. Олай болса әр күрес түрінен де басты қарсыластарымыздың кімдер екенін айқын аңғаруға болады. Олар Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея және Қытай елінің балуандары.

Біз жерлестерімізге тек сәттілік жолдас болсын деп тілейміз.

Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар
telegram