«Астана - Бурабай» автобаны бойымен қар бөгеттерін салуға қосымша қаржы қажет - Көлік министрлігі

Бірақ оған қосымша қаржы қажет. Бүгін автобанның ақылы жүйесін таныстыру шарасы барысында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов осылай мәлім етті.
«Шыны керек, «Астана - Бурабай» автобаны іске қосылғалы бері 3-4 жылдың ішінде жолды қардан тазарту бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Алайда осы жылы қардың көптеп түсуіне байланысты автобанды бірнеше метрлік қардан тазалауға тура келді. Соның салдарынан жолды бір күнге жауып, бір аптаға дейін көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. Қазіргі кезде біз қар көп жиналатын жол учаскелерін анықтап алдық. Министрлік тарапынан тиісті ұсыныстар жасалды. Енді, республикалық бюджетті нақтылау барысында бізге қосымша 800 млн. теңге берілетін болады. Оған қар бөгеттері салынады», - дейді З.Сағынов.
Айта кетейік, жақында өткен Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Серік Ахметов «Астана - Бурабай» автожолы бойымен жасыл желекті және тағы басқа жасанды қар бөгеттерін салу бойынша тиісті тапсырма берген болатын.