«Астана» чемпиондыққа таласты жалғастыратын болды
Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-турында «Астана» «Жетісудан» басым түсіп, чемпиондыққа таласты жалғастыратын болды, деп хабарлайды Kazinform.

Елордалық клуб бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді. Өйткені, ұпай жоғалтқан жағдайда шымкенттік клуб бір тур бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізетін.
Алғашқы минуттан шабуылға ден қойған астаналық команда сапынан Тимур Досмағамбетов 30-минутта есеп ашқан еді.
Ал 50-минутта «Жетісу» сапынан Анес Ружевич таразы басын теңестіріп кетті.
Бұдан кейін елордалық клуб қайтадан қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 96-минутында Абат Айымбетов соққан гол «Астанаға» жеңіс алып келді.
Осылайша елордалық команда қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, чемпиондыққа таласты жалғастыратын болды.
Биылғы бас жүлде тағдыры 22 қазанда «Ордабасы» мен «Шахтёр» кездесуінде шешіледі. Бұл ойында шымкенттік клуб кем дегенде тең түссе, бір тур бұрын чемпион атанады.
Бұл күні «Оқжетпес» пен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Атырау» жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ, бүгін «Мақтарал» «Қызылжардан» 2:1, «Қайрат» «Ақсудан» 4:1 есебімен басым түссе, «Тобыл» мен «Каспий» 1:1 есебіне қанағат білдірді.