«Астана» Еуропа лигасының матчында «Маккабиді» ұтты
Астанадағы кездесуде оңбай ұтылған израильдік команданың бапкері Йорди Кройф өз алаңдарында нағыз мықты кім екенін көрсетуге уәде берген болатын. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ оның шәкірттері шабуылға лап қойды. Алайда, гол соғудың үдесінен шығу қиын болды. Бірінші таймды «Астана» екінші нөмірмен өткізуге мәжбүр болды. Кей сәттерде мұның аяғы біздің қақпамызға гол соғылуымен аяқталатындай көрінді. Бірақ толассыз шабуылдаған алаң иелерінің шала-шарпы ойыны, дәл соққы бағыттай алмауы, сондай-ақ тәжірибелі голкипер Ненад Эричтің тамаша сейвтері қақпамызды голдан сақтап қалды.
Екінші таймды да тель-авивтіктер бастырмалата шабуыл ұйымдастырумен бастады. Бірақ алғашқы он минут аяқталған бетте шабуылға дүрсе қоя берген «Астананың» қарқынына израильдіктер төзе алмады. 56-57 минуттарда елордалық ұжым бір минут ішінде қатарынан екі гол соқты. Әттеген-айы, польшалық төрешілер тобы алғашқы голды оффсайдтан соғылғанын айтып, тіркемей қойды. Дереу жоспарлы шабуыл ұйымдастырған «Астананың» келесі комбинациясына алаң иелері тойтарыс бере алмай, Абзал Бейсебековтен пас алған Патрик Твумаси есеп ашты.
Екі тараптың да футболшылары көп қателіктер жіберді. Оның үстіне «Астана» өткен аптада қатарынан үш ойын өткізгенін, бірнеше сағат ұшақпен ұшып, әуежайдан Тель-Авивтен 30 шақырым жердегі Нетания қаласына кептелістің салдарынан екі сағат дегенде әрең жеткенін, сондай-ақ ыстық ауа райында ойын өткізгенін ескерсек, Станимир Стойлов шәкірттері аса қиын ойында қорғанысты бірінші кезекке қоятынын түсінуге болатындай.
Ойын соңына қарай екі тарап та әбден болдыртты. Абырой болғанда, «Астана» ел үмітін ақтап, қақпасына гол соққызбай, жеңіспен оралды.
А тобының параллельді түрде өткен арғы матчта Чехияның «Славиясына» барған испандық «Вильярреал» 0:2 есебімен жеңіске жетіп, топта 8 ұпаймен көш бастады.
«Астана» 4 ойыннан кейін 7 ұпай жинап, екінші орынға көтерілді. Үшінші орында 5 ұпаймен «Славия» келеді, ал соңғы орында қалған «Маккабиде» небәрі 1 ұпай бар.
Фото: Sport.kz