14:17, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
«Астана-феникс» ЖШС өткен жылы әлеуметтік мақсатқа 15 миллион теңге жұмсады
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданындағы »Астана-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы ұжымның әлеуметтік қажетіне 15 миллион теңге қаржы жұмсады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Көп салалы серіктестіктің басты міндеті елорда тұрғындарын сапалы да арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Тек өткен жылы кәсіпорын Астана сауда орындарына 45 миллион дана жұмыртқа, 380 тонна ет, бес мың тонна жарма, тәулік сайын үш тонна нан өнімдерін жөнелтті. Қазіргі кезде серіктестікте 740 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың айлық табыстары 35-40 мың теңге төңірегінде. Жыл ішінде бюджетке 100 миллион теңге аударып, мақсат биігінен көрініп отырған серіктестік өткен жылы 1 миллиард 170 мың теңгенің өнімін өндірді. Кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін арттыру жолында өз қаржысы есебінен 250 миллион теңге инвестиция тартылды.