«Астана» футбол клубы - төрт дүркін Қазақстан чемпионы
Тартысты өткен қорытынды 33-турда екі бірдей орталық кездесу өтті. «Астана Аренада» «Астана» мен «Ақжайық», Алматыда жергілікті «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары биылғы Премьер-лиганың алтын және күміс жүлдегерлерін анықтады.
Бірінші таймнан соң «Астана» - «Ақжайық» матчында есеп ашылмады. Үзілісте Станимир Стойлов шәкірттерін жеңіске жігерлендіріп, елордалық команда қонақтарды барынша қыспаққа алды. Қысымнан көз ашпаған оралдықтардың қорғанысы екінші таймның басында-ақ қателік жіберіп, 51-минутта оны сәтті пайдаланған Джуниор Кабананга шеберлікпен есеп ашты. «Астана» алаңда толық үстемдік құрып, тағы да бірнеше рет гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Жеңістің дәмін олар негізгі уақытқа қосылған соңғы 4-минутта татты. Сол қанаттан ұйымдастырылған шабуылды голмен аяқтаған Кабананга дублін тойлады.
«Астананың» чемпиондық ойыны 1:0 есебіндегі жеңіспен аяқталды.
Алматыдағы ойынның бірінші таймында алматылықтар сапында Сезар Арзо гол соғып, «Қайратты» алға алып шықты, бірақ ол кейіннен автогол ретінде Ж. Наненің есебіне жазылды. Өз қолдарынан келгеннің бәрін істеуге бел буған алматылықтар «Ақтөбе» қақпасына тағы да екі гол соқты, оған алаң қонақтары 60-минутта екі голымен ғана жауап қайтарды. Ойын 3:2 есебімен аяқталды.
Осылайша, «Қайрат» 78 ұпаймен екінші орында қалса, «Астана» футбол клубы 79 ұпаймен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанып, Еуропа лигасының маңызды ойындары алдында қанаттанып алды.