Астана ғаламдық экономика мен жаһандық қаржы мәселелерін талқылау алаңына да айналып отыр

ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Еуропа инвестициялық банкі президенті Филипп Майстатт, Азия даму банкі вице-президенті Жао Шаою, Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Е. Кидланд, Роберт А. Манделл және басқа да аттары әлемге танымал ғалымдар мен көрнекті тұлғалар Еуразияның кіндігіндегі өршіл қалаға бас қосып, орамды ой тастауы, үлкен пікірталас алаңының көрігін қыздыруының өзі жиынның халықаралық маңызын тереңдете түскендей.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстанда ғаламдық экономика және қаржы мәселелерін талқылау игі дәстүрге айналып келетінін, осы тұрғыда үшінші рет өтіп отырған форумның дағдарыстан кейінгі әлемдік дамудағы экономикалық даму теңгерімсіздіктерін еңсеру бағытында неғұрлым ойлы ұсыныстар айтылатын алаңға айнала бастағандығын атап өтті. Сонымен бірге, Елбасы өз сөзінде дағдарыстан кейінгі мәселелерді айта келе, қазіргі халықаралық ахуалға тоқтала кетті. «Мен жаһандық экономика үшін жаһандық валюта қажеттігі жөніндегі ұстанымымнан айныған емеспін. Астаналық экономикалық форумның келесі отырысы осы мәселеге арналса жақсы болар еді. Әлемде экономика, қаржы жағдайын қозғаған бүгінгідей үлкен жиындар көптеп ұйымдастырылуда. Алайда, олардың бірінде де «дағдарыстың салдары неден болды, оның түпкі негізі неде?» - деген мәселе төңірегінде пікір таластырмаппыз. Ал мұның түр-төркінін анықтап алмасақ, біз бұл қателікпен әлі сан мәрте жолығатын боламыз», деді Елбасы. Президент өз сөзінде бүгінгіден де тұрақты макроэкономика қалыптастыру үшін жаңа валюта қажеттігін тағы бір мәрте еске салып өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Еуразия құрлығының болашақта тұрақты түрде ықпалдасып отыру тиістігін айтты. «Еуропа мен Азияның ықпалдастығы ежелден жалғасып келе жатыр. Кейінірек бұл жалғастық үзіліп қалды. Бірақ жаңа онжылдықта Еуропа мен Азия арасындағы тауар айналымы қайта жандана түсті. Бүгінде Еуразия континенті әлем тұтынып отырған тауарлардың жартысынан көбін өндіріп отыр. Бұл аймақта қазір әлем халқының үштен екі бөлігі тұрып жатыр. Алдағы уақытта аталмыш континенттің маңызы тек артып отыратын болады. Алайда бұл аймақтағы интеграциялық үдерістер бір бірімен бәсекелесіп отырған блоктар негізінде жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде Еуропа мен Азияның әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Мен Еуропа мен Азияның өте терең әрі тұрақты түрде ықпалдасып отыруын қалаймын. Меніңше аталмыш мақсаттың барынша қарқынды жүзеге асуы үшін, осы үдерістің жүрісін реттеп отыратын құжат дайындау қажет», деді Елбасы.
Сонымен бірге, Президент ЕҚЫҰ-ға орта және алыс перспективаға арналған экономикалық өлшемдер бойынша жолбасшы жаңа құжат әзірлеу қажеттігіне де тоқталды. Елбасы бұл ретте G-8, G-20, ШҰЫ секілді түрлі ықпалдастық формациялар күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе ретінде дағдарыстан кейінгі дамуды белсенді түрде талқылауда екендігін айтты. «Ал ЕҚЫҰ аясында дағдарыстық және дағдарысты еңсеру проблемасы алдын ала деңгейде болса да талқыланған жоқ. Сондықтан мен «Маастрихт плюс» деп шартты түрде атауға болатын жаңа құжатты әзірлеуге кірісуді ұсынамын», деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, бұл жаңа құжат өзгерген әлемнің нақты қазіргі замандағы дағдарыстан соңғы жағдайын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, ортаңғы және алыс перспективаға жол сілтеуі қажет. «Біз мұны Астанада биылғы жылдың соңында өткізуді жоспарлап отырған ЕҚЫҰ мемлекет басшылары саммитінде талқылауды ұсынамыз», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Алқалы жиынның екінші күні жиынға қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, онда жаһандық мәселелерге тоқтап өткен Премьер-Министр әлемдік дағдарыстың әлеуметтік салдары әлі толық жойылмағанына назар аудартты. Үкімет басшысының айтуынша, Еуропада жақында ғана болған оқиғалар болашағымыздың әлі де болса бұлыңғыр екендігін көрсетіп отыр. «Бәлкім біз осыдан он екі ай бұрын болған жағдайдан жақсы өмір сүріп жатқан шығармыз. Алайда біз арқаны кеңге салуға ешқандай да негіз жоқ екендігін жақсы түсінеміз. Дағдарысқа қарсы тиісті шаралар қолданып отырған Қазақстан Үкіметі бұл бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізді десек болады. Дағдарыс Қазақстанның да қаржы жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Бізге сырттан қажетті қаржы көздерін табу керек болды. Елдегі экономикалық белсенділік төмендеп, өз кезегінде ол Қазақстан халқының әл-ауқатына айтарлықтай әсер етті деуге болады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі бұл жағдайға дер кезінде жедел түрде шара қолданды, деді К. Мәсімов. Сонымен қатар, Қазақстанның жаһандық дағдарыс салдарына төтеп бере алғанына және ел болашағының жарқын болатынына сенім білдірді. Оның бір айқын дәлелі Қазақстан қазірдің өзінде білім беру ісі мен оның сапасын арттыруға айтарлықтай көңіл бөлуде. Мәселен, дағдарыс кезінде де елімізде білім беруге қажетті гранттар санын айтарлықтай артты. Қазіргі таңда біз Мемлекет басшысының республика бойынша интеллектуалдық мектептер ашу жөніндегі міндеттерін жүзеге асырып келеміз. «Біз осы аптада Назарбаев университетін аштық. Аталмыш оқу орны әлемнің үздік оқу орындарымен әріптестік қатынас орнатып, жоғары білім беру саласындағы жетістіктердің барлығын Қазақстанға жеткізетін болады. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік техникалық білім беру ісін инвестициялап отырмыз. Бұл шара еңбек ресурстарымыздың талапқа сай білім алуына және жұмыспен қамтылуына ықпал етеді», деді Премьер Министр.
Форум жалғасқан екі күн ішінде 17 отырыс өткізіліп, 20 сағат уақыт пікіралысу ұйымдастырылды. Жүздеген баяндамалар тыңдалды. Жалпы, отандық ғана емес, әлемнің айтулы қаржы-экономика саласының мамандарының басын қосқан Елордадағы басты экономикалық шараның жыл сайын қуат алып отырғанын қатысушылар үлкен ыждағаттықпен мәлімдейді. Мәселен, Азия даму банкінің вице-президенті Жао Шаою 2008 жылы өткен Бірінші Астаналық экономикалық форумына қатысқандығын есіне алып, сол тұста айтылған ойлар мен ескертулердің ақиқаты әлемдік дағдарыс тұсында дәлелденгендігіне ерекше тоқталады. «Ендігі күні Астаналық экономикалық форум аясында дағдарыстан кейінгі әлем жөнінде айтылатын ұсыныстар халықаралық қоғамдастық үшін қажетті құндылықтарға айналады деп ойлаймын», деді ол.
* * *
Осы аптада Астана вокзалынан арнайы емдеу-диагностикалық «Денсаулық» пойызы жолға шықты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ , Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп ұйымдастырған пойыз еліміздің шалғай жатқан стансылары мен разъездері тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін сапарлайтын болады. Бұл ретте шалғайдағы тұрғындар, теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелері білікті маман дәрігерлердің көмегімен қамтылады. Арнайыландырылып, білікті дәрігерлермен аттанған пойызда тіпті шағын операциялар жасауға арналған орын, УЗИ, эндоскопия құрал-жабдықтарымен, арнайы зертханамен жабдықталған.
Шығарып салу рәсіміне арнайы келіп қатысқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алдағы уақытта жұртқа қолжетімді медициналық көмек көрсету арта түсетінін ерекше атап өтті. Қазір бұл темір жол бойымен жүзеге асырылса, алдағы кезендерде мұндай сапалы медициналық көмек әуе және автомобиль көліктеріне орнатылған медициналық орталықтар арқылы шалғай аудандарға жететін болады.
Бұдан бөлек, пойыздың сапарына ақжолтай тілеушілер тарапынан ірі стансыларда қайырымдылық ас беру де өткізіледі деп күтілуде. Алдымен арнайы пойыз солтүстік өңірдің Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Семей жол бөлімшелері аумағынан өтіп, ары қарай еліміздің барлық облыстарына сапар шегеді. Соның барысында 57 стансыға аялдайды. Алғашқы бағдарында 36 стансыны қамтып, 28500 адамға медициналық көмек көрсетеді деп күтілуде. Ал екінші бағдар бойынша 21 стансы қамтылып, 14500 адамға осындай қолжетімді медициналық көмек берілетін болады.
* * *
Шілденің 1-інен бастап Қазақстан мен Ресей арасында Кеден одағының Кеден кодексі қолданысқа енгізілді. Яғни, бұған дейін формальды түрде жүзеге асып келген Кеден одағы, түгелдей рәсімдеулерден кейін толық күшіне еніп, негізгі тетігі іске қосылды. Осыған байланысты Қазақстан мен Ресей арасындағы ішкі шекарада өзара саудада кедендік ресімдеу жойылды. Дегенмен, кедендік бақылау Ресей және Қазақстан жағында да әзірше қала тұрады. Бұл ретте Кеден одағының екінші кезеңі аяқталғанда кедендік бақылау толығымен алынып, шекара қызметі қалады. 2011 жылғы шілденің 1-іне дейін бекітілген жоспарға сәйкес кедендік және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерін сыртқы шекараға ауыстыру мәселелері қарастырылуда.
Жалпы, Кеден одағын қалыптастыру 2009 жылғы маусымның 9-ында Үкімет басшылары деңгейінде Мемлекетаралық кеңес белгілеген кезең мен мерзімге сәйкес жүзеге асып келеді. Кеден одағы - бұл бірыңғай кедендік аумақты көздейтін тараптардың сауда-экономикалық ықпалдастығының нысаны болып табылады. Тоқтала кететін жайт, одақ аясында, яғни тауарлардың өзара саудасында кедендік баж және экономикалық шектеулер қолданылмайды. Сондықтан бұл орайда тараптар бірыңғай кедендік тарифті және үшінші елдермен сауданы реттеудің біртұтас шараларын қабылдайды.
Кеден одағын қалыптастыру 2007 жылғы қазанның 6-сында «Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағын құру және қалыптастыру туралы шартқа» және 2009 жылғы желтоқсанның 19-ында «Беларус Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына» қол қойылудан бастау алды. Соның негізінде оның стратегиясы мен алдағы кезеңдері белгілі болды. Атап айтқанда, бастапқы алдын ала кезең - 2010 жылғы қаңтардың 1-іне дейін еңсерілсе, кейінгі кезең, яғни бірінші кезең - 2010 жылғы шілденің 1-іне дейін болатын. Енді алдағы уақытта Кеден одағының 2011 жылдың шілденің 1-іне дейін жалғасатын екінші кезеңі жүзеге асады.
Тоқтала кететін жайт, елордадағы ІІІ Астана экономикалық форумы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы бастау алғанын ресми мәлімдеген болатын. «Атап айтқанда, бұдан әрі қарай ықпалдастық қажет етіледі. Өткен 10 жылдықтардың ықпалдастығы түрлі континенттер арасында жасалды. Біздің алдымызда Еуразиялық континент ішіндегі әлеуетті пайдаланудан орасан зор мүмкіндіктер ашылуда. Осының жарқын айғағы ретінде Қазақстан мен Ресей арасында құрылып, бүгін қол қойылған Кеден одағы мысал бола алады. Бүгін, шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы бастау алды. Мен осыны мәлімдеймін», деп атап өтті Н. Назарбаев.
Ал еліміздің Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың сөзіне сенсек, Қазақстан азаматтарына көліктерді жеңілдетілген тәртіппен әкелуге рұқсат беретін құжат дайындалу үстінде екен. «Біз бүгін тиісті келісімдерге сәйкес, арнайы қаулы дайындаудамыз. Аталмыш құжатқа бүгін - ертең қол қойылып, ол ақпарат құралдарында жариялануы тиіс. Құжат жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Оған сәйкес, алдағы жылдың шілде айының 1-іне дейін импорттық кедендік баждарды және 3 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта пайдаланылған двигатель көлемінің 1 текше сантиметріне 0,35-тен 0,6 еуро көлемінде қосымша құн салығын төлеу арқылы жеңілдетілген тәртіппен жеңіл көліктерді тасымалдауға рұқсат етіледі», деді Экономикалық даму және сауда министрінің айтуынша, аталмыш норма 1 жылға енгізіліп отыр және бұл жеңілдіктерді пайдаланатын Қазақстан азаматтарына өздерінің көліктерін Ресей Федерациясының аймағына жеткізу үшін жалпыға бірдей кедендік салықтарды төлеу қажет болады. «Яғни аталмыш норма тек жекелеген азаматтар үшін енгізіліп отыр. Ал көлік саудасымен айналысатын компаниялар бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды», деді министр.
Бұдан бөлек, Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында жасалған келісім базасы негізінде жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне 10-15 пайыз көлемінде импорт баждары салынады. Осылайша жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне бұрынғы жеңілдіктер алынып тасталып, жалпыға бірдей тәртіп енгізіледі. Ескере кететін жайт, Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіпшілер қауымдастығының өкілдері Кедендік одаққа қатысты бұрынғы тәртіпті өзгерту жөнінде Үкіметке арнайы ұсыныс жасаған. «Бұл ретте айта кететін мәселе, біз алып тастаған талаптар бұрын ресейліктерде де беларустарда да болмаған. Алайда бұл Қытай мен Түркияның тауарлары бізге келмейді деген сөз емес. Олар бізге келеді және бұрынғыдай бәсекеге қабілеттілігін сақтайды. Бірақ олар жалпыға бірдей тәртіппен әкелінеді», деді министр.