«Астана» гвинеялық футболшы Усман Камараны үш жылға алды
АСТАНА. KAZINFORM - «Астана» футбол клубы гвинеялық жартылай қорғаушы Усман Камараны қатарға қосты. Келісім-шарт алдағы үш жыл мерзімге жасалды. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Усман Камара 1998 жылы 28 желтоқсанда Гвинея астанасы Конакри қаласында дүниеге келген.

Футболдың "әліппесін" өз елінің «Атуга» клубында үйренсе, мансабын Швецияның «АФК Эскильстуна» клубында бастады.
Одан кейінгі жылдарда Норвегияның «Волеренга», Грузияның «Дила» клубтарында доп тепті.
2022-2023 жылдарда Грузияның «Динамо» (Тбилиси) клубының намысын қорғап, 26 гол соғып, 19 нәтижелі пас берді. Командамен бірге ел чемпионы және Грузия суперкубогының жеңімпазы атанды.
Өткен жылы елордалық клуб Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Грузияның «Динамо» (Тбилиси) клубымен кездесіп, екі ойын нәтижесімен 3:2 (1:1, 2:1) есебімен қапы қалдырды.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб ганалық футболшы Осей Барнсты қатарына қосты.