Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық әуежайы 19 шілде күні техникалық жұмыстар жүргізілуіне байланысты электрондық сервистер уақытша жұмыс істемейтінін хабарлады.

Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға ескерту жасады
Фото: Әділет Бірімкұлов/Kazinform

– Астана халықаралық әуежайы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасына сәйкес, 2025 жылғы 19 шілде күні сағат 02:00-ден 08:00-ге дейін компанияның цифрлық сервистерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлайды. Аталған уақыт аралығында келесі мемлекеттік электрондық сервистер уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін: eGov порталы, eGov mobile қосымшасы («Цифрлық құжаттар» қызметін қоса алғанда), e-Otinish, E-license және өзге де мемлекеттік қызметтер, - делінген хабарламада.

Техникалық жұмыстар түнгі уақытта, пайдаланушылардың белсенділігі төмен кезеңде жүргізіледі. Дегенмен мүмкін болатын қолайсыздықтардың алдын алу үшін барлық қажетті операцияны алдын ала аяқтауды және әуежайдағы тіркелу, тексерістен өту кезінде қажет болуы мүмкін жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік және басқа да құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүру ұсынылады.

- Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамыз, - деді әуежайдан.

Айта кетейік, Алматы әуежайына кіру-шығу жолы уақытша өзгереді.

Соңғы жаңалықтар