Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға маңызды хабарлама жасады

АСТАНА. KAZINFORM — 2 тамыздан бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізеді, деп хабарлайды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға ескерту жасады
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

— 2025 жылғы 2 тамызда сағат 02:00–ден 06:00–ге дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізетінін хабарлаймыз. Бұл жұмыстар цифрлық сервистердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп ескертті халықаралық әуежай.

Көрсетілген уақыт аралығында келесі мемлекеттік электрондық қызметтерге уақытша қолжетімділік шектеледі:

• eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы («Цифрлық құжаттар» қызметін қоса алғанда);
• e-Otinish, E-license порталдары және Ашық үкімет жүйелері;
• ҚР Ұлттық куәландырушы орталығының (ҰКО) сервистері;
• Екінші деңгейлі банктердің және басқа да біріктірілген жүйелердің мемлекеттік қызметтерге арналған мобильді қосымшалары.

— Мемлекеттік қызметтер порталдарында қажетті операцияларды алдын ала аяқтауды; Тұлғаны куәландыратын құжаттың түпнұсқасын өзіңізбен бірге алып жүруді ұсынамыз, — деп ескертті әуежайдың баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын 27 шілдеде әлеуметтік желіде Астана әуежайын су басқан бейнежазба тарады. Әуежайдың баспасөз қызметі жағдайдың себебін түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар