Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы өз рейсін күтіп отыр

30 желтоқсан күні сағат 15:00 - 00:00 аралығында жалпы саны 29 рейсті орындау жоспарланған. Алайда, оның 21-і елордадағы қолайсыз ауа райына байланысты кешіктірілсе, 8 рейс кейінге қалдырылды.

Астана әуежайы
Фото: Көлік министрлігі

Қазір Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы өз рейсін күтіп отыр, деп хабарлайды Kazinform ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана әуежайы
Фото: Көлік министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметтерінше, ауа райы салдарынан әуе жолдары кестесінің бұзылуына байланысты ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев жедел штаб құрып, Астана халықаралық әуежайына барлық әуе компаниясының өкілдерін жинады. Арнайы құрылған топ пен әуе компаниясының өкілдері жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сауалдарына жауап беріп жатыр.

Астана әуежайы
Фото: Kөлік министрлігі

Әуежайдағы жолаушылар үшін Terminals Astana Airport Management басшылығы 2 мыңнан астам порция ыстық тамақ пен ыстық сусын таратты. Рейстері кешіккен жолаушылардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін Аяз ата мен Ақшақар ойын ойнатып, жаңа жылдық сыйлықтар таратуда. Одан бөлек, Астана қаласының өнерпаздары рейсін күтіп отырған жолаушыларға арнап өнерлерін көрсетуде.

Астана әуежайы
Фото: Kөлік министрлігі

Айта кетерлігі, жолаушылар ауа райы қолайсыздығынан болған келеңсіздікке түсіністік танытып, қажетті көмек көрсетіп жатқан мамандарға алғыстарын білдіріп жатыр.

Қазір Астана халықаралық әуежайының әуе айлағы ашық. Алайда, әуеайлақтағы ауа райы әлі де ұшу және қону үшін қолайсыз. Сондықтан әуе компаниялары рейстерін кешіктіру және кейінге қалдыру туралы шешім қабылдауда.

«Әуежай жолаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Егер Сіз 30-31 желтоқсан күндері әуе көлігімен сапарға шығуды жоспарлаған болсаңыз, рейсіңіздің статусын әуежайдың nn-airport.kz ресми сайтынан қарауға немесе 8(7172)702-999 нөмірі бойынша Call орталыққа хабарласуға болады»,-делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар