Астана халқы жерасты суын да тұтына бастайды — вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкенов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Астананың сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың құнын атады.

Астана, парк
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Астана су қоймасы 1969 жылы 500 мың тұрғынға есептеліп салынған болатын. Былтыр елорда тұрғындарының бәрі су берудегі іркілістерге тап келген шығар. Қалада баспана құрылысы мен халық саны өсіп жатқанын ескерсек, бұл мәселе ушыға түспесе, бәсеңдемейді. Астанамызды сумен қамтамасыз ететін резерв көз жоқ әзірге. Осы мәселені қалай шешпекшісіздер, — деп сұраған Мәжіліс депутат Павел Казанцев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкенов дәл қазір Астана халқы судан тапшылық көретіндей қауіп жоқ екенін айтты. 

— Екі жыл бұрын жазда Астананың жекелеген аудандарында су тапшылығы болған. Тиісті шаралар қабылданып, 2023 жылдың аяғында № 3 су сорып, сүзетін станса қолданысқа берілді. Қазіргі таңда тәулігіне 350 мың текше метр су тұтынып отыр. Біздегі су сүзетін стансалардың қуаты — 410 мың текше метр, яғни даму келешегін ескергеннің өзінде Астанада су тапшылығы жоқ, — деді ол.

Қуандық Қажкенов Астананың резервті су көзін қалыптастыру үшін бірнеше жоба қолға алынғанын еске салды.

— Оның біріншісі — № 4 су сору-сүзу стансасын салу. Қаныш Сәтпаев каналынан су бұру каналын да салу керек. Қазіргі таңда бұл жобаның сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жоба қосымша 200 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші жоба — Нұра су кенішінен су бұру арнасын салу жобасы. Осы арқылы тәулігіне 308 мың текше метрдей жерасты суын алуға болады. Бұл жобаның сметалық құжаттары дайын. Мамыр айында ведомствоаралық сараптамаға жіберу жоспарланған. Бұл жобаның межеленген құны 56 млрд теңгедей. Үшінші жоба — Тельман су сору стансасынан техникалық су бұру жобасы. Құны — 17,6 млрд теңге. Биыл осы жобаға жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп отыр. Осының бәрі Астананың жоғары даму қарқынын ескергеннің өзінде келешектегі су мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Тапшылық болмайды, — деді вице-министр.

Айта кету керек, Каспий мәселесін шешу аясында Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасамақшы. 

Соңғы жаңалықтар