«Астана» Халықаралық қаржы орталығы аясында 2 мыңнан астам білікті жұмыс орындары құрылады

«Ұлт жоспарының экономикалық блогына кіретін шаралар біздің экономикамыздың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастырады. «Зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстармен өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа отандық компаниялардың 3 тобы қамтылатын болады. Бірінші топ - қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар. Екінші топ - трансұлттық корпорациялардың әлеуеті пайдаланылатын кәсіпорындар. Үшінші топ - «зәкірлі инвесторлар» үшін жоғары нарықтық бәсекелі кәсіпорын мен экспорттық брендтердің пайда болуы»,-дейді Мемлекет басшысы.
Осы орайда ҚР Президенті қазірдің өзінде 26-дан астам ТҰК-пен келіссөз жүргізілсе, олардың бірқатарымен нақты уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін болғанын атап өтті.
«Ұлт жоспарының үшінші бағытының темірқазық мәселесі тәуелсіз сот жүйесі, ағылшын тілін қолдану және инвестициялық резиденттік қағидатын енгізу құқығымен жеке заң құзыреті қағидаты бойынша АСТАНА халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру болып табылады. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданып, күшіне енді. АХҚО қызметінің экономикалық нәтижелері қазақстандық капитал рыногына тікелей шетел инвестицияларының ағыны есебінен жыл сайын орта есеппен ІЖӨ-нің 1 пайызға дейін жеделдете өсуінде көрініс табатын болады. Мұның сыртында АХҚО шеңберінде 2 мыңнан астам білікті жұмыс орындары құрылады. Біздің елордамыз Астана Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығы ретінде дамып, әуежайдың жаңа терминалын қоса алғанда, заманауи халықаралық көліктік-логистикалық жүйеге ие болады»,-делінген Мемлекет басшысы мақаласында.