«Астана халықаралық қаржы орталығы» өңірдің қаржы қақпасына айналуы тиіс

Әрине, әлемдік қаржы орталықтарының тәжірибесіне сүйенсек, бұл бағытта ең бірінші кезекте экономикалық-саяси тұрақтылық, салық жеңілдіктері, мемлекеттік қорлардың ауқымдылығы секілді қолайлы жағдайлар қамтылуы шарт. Десе де, бүгінгі жаһандық дағдарыстың дендегеніне қарамастан, Қазақстанда «Астана халықаралық қаржы орталығын» дамытуға барлық мүмкіндіктер қалыптасқанын айтатындар баршылық.
Қазірден белгілі мәселе - «Астана халықаралық қаржы орталығы» заманауи технологиялармен толық жабдықталатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ғимараттарына жайғасатын болады. Яғни, халықаралық көрме өткеннен кейін қаржы орталығы бірден іске кіріседі, ондай орталықта аса білікті, кәсіби ысылған мамандар еңбек етуге тартылады. Шамамен 2 мыңға тарта білікті қызметкер отандық қаржы саласындағы жобаға кіріседі. Бір сөзбен айтқанда, ЭКСПО орнында орналасатын «Астана қаржы орталығы» әлемдік сапа стандарттарына сай деңгейге шығуға ұмтылады. Дегенмен, қаржы орталығы ЭКСПО көрмесінің өтіп, орынды босатуын күтпестен жұмысқа кірісіп кеткен. Бұл үшін Парламент «Астана қаржы орталығының» қызметіне қатысты заңды қабылдап, білікті басшысы да тағайындалған болатын. Ендеше, Орталық әлемдік инвестициялар мен озық білімнің ошағына айналуға қазірден бастап ден қоюы тиіс.
Бұл бағыттағы жұмыстарды сараласақ, Қазақстан қазіргі таңда өңірдегі инвестициялар үшін ең қолайлы жағдай жасалған мемлекет ретінде бағаланады. Бұған дәлел халықаралық қаржы институттары алдағы 5 жылда Қазақстанда кәсіпкерлікті, қаржы секторын, инфрақұрылымды, электр энергетикасын дамыту, институттық реформалар жүргізу үшін елге 9 млрд. долларға жуық инвестиция салатыны болжанған. Ал индустрияландыру бағдарламасы аясында 10 млрд. долларға жуық шетелдік инвестиция тартылатыны жоспарланып отыр. Бұнымен қоса, елімізде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттары енгізіліп, инвестициялық ахуалды жақсарта түсу жұмыстары қолға алынған.
Ал «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін Жоғарғы Сот жанынан дауларды қарастырмен айналысатын мамандандырылған алқа құрылады. Онда құқықтық дауларды сапалы әрі әділетті түрде шешу барысында шетелдік инвесторлардың құқығы қорғалады. Бұдан басқа, «Астана халықаралық қаржы орталығының» негізгі жұмыс тілі ағылшын тілі болып бекітілген, осының өзі болашақта қаржы саласына маманданған жаңа буынның бәсекеге қабілеттілігі арта түседі деген сөз. Инвесторлар үшін де бірқатар жағдайлар жасалмақ, атап айтқанда шетелдік инвесторлар салық түрлерінен 50 жылға дейін босатылады, виза жағынан да оларға жеңілдіктер қарастырылады.
Ағымдағы жылы өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында «Астана халықаралық қаржы орталығы» мәселесі талқыланған болатын. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығының өте күрделі жоба екенін, сонымен қатар, Қазақстан үшін аса маңызды қадам екеніне де мән берген еді. «Болашаққа көз жібере отырып, біз «Астана халықаралық қаржы орталығын» инвестияциялық капитал тартатын және қаржылық әдіс-тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді. «Астана халықаралық қаржы орталығы» Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек. Біздің елордамыз Астана іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамып, жаңа әуежайды қоса алғанда, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие болады», - деді Н.Назарбаев.
Ал «Астана халықаралық қаржы орталығы» АҚ Президенті Қайрат Келімбетовтің айтуынша, мұндай орталық экономиканы әртараптандырып, тұрақты экономиканы құру үшін қажет. Оның айтуынша, жергілікті капитал нарығын дамыту үшін әлемнің көшбасшы биржаларының стратегиялық серіктесімен бірлесіп, «Астана халықаралық қаржы орталығында» жоғары технологиялық биржа инфрақұрылымы құрылады. Ол әлемнің үздік стандарттарына сай болмақ. «Жаңа инфрақұрылым құнды қағаздар мен тауарлар сауда-саттығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған жұмыс аясында орталық әлемнің жетекші биржаларымен келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында Лондонның қор биржасы және металл биржасы, NASDAQ, Чикаго тауар биржасы, NASDAQ Dubai, Нью-Йорк қор биржасы бар», - дейді Қайрат Келімбетов. Оның айтуына қарағанда, «Астана халықаралық қаржы орталығы» биржасының 2017 жылы мемлекеттік исламдық құнды қағаздарды орналастыру алаңына айналу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Бұл ретте қаржы орталығы Қазақстан мен ТМД елдеріндегі исламдық қаржы қызметтері индустриясын кеңейту үшін Ислам даму банкі тобымен меморандумға қол қойған болатын.
Тұтастай алғанда, қаржылық орталық жобасының күрделілігіне қарамастан, оның болшағына зор үміт артатындар да бар. Мәселен, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің президенті Сума Чакрабартидің пікірінше, «Астана халықаралық қаржы орталығы» түрлі реформалардың жүргізілуіне, қазақстандық қаржы секторының дамуында негізгі қозғаушы күш болуы тиіс. «Кейбір халықаралық қаржы орталықтары, мәселен, «Дубай» секілді ірі орталық ішкі отандық қаржы секторынан өз қызметін оқшаулау туралы шешім қабылдады. Дегенмен, біз «Астана халықаралық қаржы орталығы» мен отандық нарық бірге өркендеуі тиіс деп санаймыз. Біз Қазақстанның Ұлттық банкімен бірлесе қол қойған меморандумда «Астана халықаралық қаржы орталығының» стратегиясына, басқа да оған қажетті элементтерге қатысты қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Бұл ретте, ЕҚДБ капитал, ақша нарығы, баға нарығы, корпоративтік басқару мәселелері бойынша қолдау көрсетуге әзір», - деді ЕҚДБ басшысы. Сума Чакрабарти сондай-ақ, болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқа да қаржы орталықтарымен серіктес болуы қажеттігіне баса назар аударды. Себебі, «Дубай», «Лондон» секілді ірі халықаралық қаржы орталықтарымен бәсекелес болудан гөрі, олармен серіктес болғаны анағұрлым тиімді. «Бұл өз кезегінде үлкен білім мен тәжірибе жинауға, ол қаржы орталықтарының институттарымен өзара байланыс орнатуға ықпал етпек. Сондай-ақ, «Астана халықаралық қаржы орталығы» «жасыл экономика» жүйесін жандандыруда да үлкен рөл атқаруы мүмкін. Бұл орайда, тұрақты энергия көздеріне, климаттың өзгеруіне қатысты жобаларға қолдау көрсету Қазақстан үшін пайдалы әрі тиімді болар еді», - деді С.Чакрабарти.