Астана - ХХІ ғасырдың қайталанбас жобасы - Сансызбай Есілов

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Парламентінің мақұлдауымен 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының елордасы болып жарияланды.
None
None

Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Қазақстанның жаңа елордасы - Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді.

Бүгінгі таңда Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналды. Елордамызда әлемдік, халықаралық іс-шаралар жиі өтеді. Астана қалалық мәслихатының хатшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сансызбай Есілов Қазақстан елордасының алғашқы жылдары, бүгіні мен келешегі туралы ойларымен бөлісті.

- Сансызбай Сейітжанұлы, Сіз осы Ақмола облысында дүниеге келіп, қазіргі Астана қаласындағы №64 мектепті бітірген екенсіз. Осы өңірде еңбек етіп, абыройға бөлендіңіз. Ал 1997-2007 жылдары Астана әкімінің бірінші орынбасары жауапты қызметін атқардыңыз. Елорданың жаңа орынға қоныс тебуіне Сіз де атсалыстыңыз. Астананың көшірілуі туралы ойларыңызды айтып берсеңіз?

- Қазақстан келешекті бағдарлаған жасампаз жоспарлары мен беделді бастамалары бар жас мемлекет ретінде үшінші мыңжылдыққа аяқ басты. Тәуелсіздігін нығайтып, саяси реформаларын және экономикасын нарық жолына салуды табысты жүргізе білген еліміз негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыру кезеңін аяқтап, тиімділігі ұзақ мерзімді келешекке есептелген сенімді стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісті. Соның ішінде елдің орталығын Алатау баурайынан Сарыарқа төріне көшіруге тәуекелге бел буған жасампаз жобалардың бірі десем, артық айтқандық болмас. Бастау алған күннен осы кезге дейінгі ауқымды дәуірнама кезеңін бүгінгі күн белесінен тағы бір сараптап көрсем, өзім тек куәгері болып қана қоймай, тікелей соны жүзеге асыруға белсенді қатысушылардың бірі болғанымды ерекше сезіммен еске аламын. Тарихта бір рет болатын ұлы іске атсалысқаным көңіліме қуаныш ұялатады. Мен үшін Астана - Отан-Ана. Осы сөзден-ақ көп мағына аңғарылып тұр ғой деп есептеймін. Менің тағдырыма өшпес із қалдырған осынау ұланғайыр оқиғаның ортасында болғаным үшін өзімді айрықша бақыттымын деп санаймын.

Елбасы 1993 жылдары сөйлеген сөздерінде халықтың қалай қабылдайтынын байқау үшін астананы көшіру туралы идеясын айтып қалып жүрді. Бұл туралы ол өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында да жазды.

Ал 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңес Президенттің бастамасы бойынша ел астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының ұсынысына көптеген адамдар «Таяуда орындала қоятын жоба емес-ау» деген түсінікпен қарады. Өзім де қазір мойындаймын, «Бұл жүзеге асуы мүмкін бе?» деп ол кезде мен де сене қойған жоқпын. Алайда, Елордасы болуға лайықты мекендердің ішінен менің туған қаламның таңдалғанына жан-жүрегіммен қуанып жүрдім. Ол кезде өмірден тәжірибе жинақтаған, есейген шағым, егер Елбасының ойы жүзеге асса, қатардағы облыс орталығының тұрғындары үшін барлық жағынан алғанда да жаңа кезең басталатын оқиға болатынын түсіндім.

- Қаланы дайындау жұмыстары қалай басталып еді?

- Ашығын айтайын, дайындық ісіне кірісу туралы алғашқы тапсырманы 1993 жылы-ақ алып едім. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары - мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитеттің төрағасымын. Алматы қаласына кезекті іссапарға бардым. Сол жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарған Жәнібек Кәрібжанов маған: «Есіңізде болсын! Әлі жекешелендірілмеген, пайдалануға берілмеген ғимараттар мен нысандарды бақылауда ұста. Алдағы уақытта көптеген адамды орналастыру үшін қажет болады», - деді.

Бұл мен үшін елге кеңінен тарап кеткен Президент бастамасының жүзеге асатынын растайтын алғашқы ерекше өкім болды. Және де біз қажетті қорды жасай білдік.

1997 жылы желтоқсанның басында жаңа Елорданың бірінші әкімі Әділбек Жақсыбеков мені қала әкімінің орынбасары қызметіне шақырды. Ол кезеңде мемлекеттік органдардың Алматыдан Ақмолаға көшіп келіп орналасуы белсенді түрде жүріп жатты. 8-9 желтоқсан күндері негізгі органдардың қызметкерлері көшіп келді. 1997 жылы 10 желтоқсан күні салтанатты шара өтіп, Ақмола Қазақстан астанасы құқығын иеленді.

Шынын айтайын, қым-қуыт қала тіршілігінің машақаты бастан асып жатты. Қыстың қарлы бораны мен аязы және қаланың сын көтермейтін инженерлік инфрақұрылымының ойда жоқта апатқа ұшырап жататыны онсыз да қиын жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Қаланың екі жылу беру орталығы - ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-2 қашан тұрып қалатыны белгісіз, екі иінінен демалып тұрды. Бірақ қандай жағдайда да Елордамызды жылумен, сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет болды.

- Қандай күрделі мәселелер туындады?

- Бұрын кезек-кезек электр жарығын өшіру «дәстүрі» болғанын біраз жерлестеріміз әлі де ұмытпаған шығар. Ал одан басқаша қалай істеуге болар еді? Электр қуаты мен жылу мүлдем жетпей жатты. Біздер қалалық электр желісінің директоры Валерий Кушнаренкомен бірлесе отырып, тәулік бойғы және сағат бойынша өшіріп-қосу кестесін жасадық.  Бірінші кезекте үзіліссіз электр қуатын талап ететін нысандардың қызметін қамтамасыз ету қажет болды. Әрине, амалсыздан жасалған осындай әрекетіміз тұрғындар тарапынан реніш туғызды. Әсіресе, Елордаға көшіп келген атқамінерлер қатты сынға алды. Өйткені олар сап-салқын жатақханалар мен қонақ үйлерге орналасқан болатын.

Жылу мен электр қуатының тапшылығынан бөлек, сумен қамтамасыз етуде де іркілістер орын алды. Қалалық су арнасының инженерлік жүйесі мен барлық инфрақұрылымы апатты жағдайда еді, кәсіпорын банкрот болудың сәл ғана алдында тұрды, қызметкерлеріне дер кезінде еңбекақы төлей алмай, тығырыққа тіреліп жатты. Ал бұл жағдай тұтынушыларды толғандырмайтыны анық. Егер адам жұмыстан келгенде, үйдің іші азынап тұрған суық болса, оның үстіне жарықты айырып, суды тыйып тастаса, қандай көңіл-күй болуы мүмкін?! Билікке деген қандай көзқарасы қалыптасатыны да белгілі. Сондай жағымсыз сын-ескертпелерді естіп жүрдік. Әрине, барлық мәселені бір сәтте шешіп тастау мүмкін емес қой.

Біздің бастан кешіп жүрген барлық қиындықтарымызды Мемлекет басшысы біліп отырды, жаңа астана «тыңын игерудегі» ұсақ-түйек мәселеге дейін өзінің бақылауында ұстады. Әрине, бізге ескертулер жасады, орын алып жатқан оқиғаларға терең үңіліп, мәселені шешуге ықпал ететін нақты шаралар қабылдады. Сол кездегі басты міндет - қаланы Елорда мәртебесіне лайықты ету.

- Қаланың сол кездегі жай-күйі туралы не айтар едіңіз?

- Күрмеуі шешілмей жатқан мәселелер аз емес еді. Біз қалалық коммуналдық шаруашылықты қабылдап алғанда бірнеше доңғалақты тракторы мен су таситын автомашинасы ғана бар екен, яғни, талап деңгейінен шығатын техникасы жоқ деген сөз. Жамбастап жатқан коммуналдық саланы жедел түрде аяғынан тік тұрғызу қажет болды, бірақ оған қаражат жетіспейді. Оның сыртында қалада автокөлік саны күрт өсіп келе жатты, кезінде Целиноград үшін жобаланған көшелер енді астаналық талапқа жауап бере алмай, тар екені бірден байқалды. Көшеде бұрын болмаған кептелістер мен іркілістер орын алды. Қыста жолдарды қалың қар басып қалатын, ал көктемде қаланың шет жағындағы көшелердің лай батпағы көлік доңғалақтарына «жармасып» орталыққа да жететін еді.

Бір жолы, қаланы дамыту жөніндегі дәстүрлі кеңесте Президент жауын-шашын күндері тіптен лас болып кететін көшелердің жолдары туралы айтып, біздерді қатты сынға алды. Егер де кейбір көшелерде, тіпті қала орталығының өзінде тұрғын үйлердің аулаларында толық асфальт төселмеген болса, көше қалай лас болмасын?! Бұл жерде жаңбыр суы ағып кететін кәріздің болмағанын айтудың өзі артық! Мемлекет басшысы біздерді шағын автобусқа отырғызып, қала бойынша «экскурсия» жасауға алып шықты. Туындаған мәселелердің сол жерде анық-қанығына көз жеткізіп, Астанаға қажетті көмек көрсету және оны шешуге ықпал ету жөнінде Қаржы министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Соның ішінде қаражат жөнінен қолдау жасауды міндеттеді. Мәселенің осылай шешімін табуы бірнеше жыл бойы қаланы көркейтуге, абаттандыруға жағдай жасап берді. Тек орталық қана емес, қаланың шет жағындағы көшелері де толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындардың жайлы да жақсы өмір сүруіне мүмкіндік туды.

- Сәтімен жүзеге асқан жобалардың бірін айтып өтсеңіз?

- Ол үшін өмірде болған оқиғалардан тағы бір мысал келтірейін. Бірде кешкісін Әділбек Ырыскелдіұлы маған телефон соғып, қалалық су арнасының директорымен бірге Тельман сусорғыш станциясына жедел жетуімді талап етті. Біз ұша жөнелдік...

Түсінікті болу үшін айта кетейін, станция Есіл өзенінің арнасы мен «Нұра-Есіл» арнасының қосылған жерінде орналасқан. Және ол ТЭЦ-2-ні сумен қамтамасыз етеді. Кезінде бұл арнаның суын техникалық мақсатта пайдалануға жоспарланған екен. Бірақ оның сынаппен ластанғаны белгілі болып, ол идеядан бас тартыпты.

Станция басына Президент келді. Біз жағдайды бүкпесіз айтып бердік. Елбасы сөзімізді үзбей, тыңдап алды да: «Бәрін де түбірімен өзгерту қажет. Жедел түрде шараларды қолға алу керек!» - деді. 1999 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Жапонияға барды. Сол жолы Елбасы екі мемлекет арасындағы маңызды келісімдерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде Астана қаласының су құбырлары мен кәріздерін күрделі жөндеуден өткізу үшін Жапония Үкіметі тарапынан жеңілдікпен қарыз бөлінді. Екі ел арасындағы келісімдерді Қазақстан Парламенті заң түрінде бекітті. Үстіміздегі жылы осы ауқымды жоба аяқталады. Сөйтіп, Астананы ешбір іркіліссіз және сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тапты.

Елорданың инфрақұрылымын ұлғайту жөнінде басқа да іс-шаралар жүзеге асырылды. Айталық, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда біздер бірінші болып 120 мегаватт қуаттылығы бар турбогенераторды іске қостық. Бүгінгі таңда ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 жылу беру орталықтарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынды және де ТЭЦ-3 салынып жатыр.

14 жыл ішінде қала тұрғындары үш еседен астам өсті. Адамдардың өмір сүру деңгейі анағұрлым өзгерді. Мен қай кезде де баға беруге объективті түрде қараймын. Өйткені ол кезең мен қазіргіні салыстыра аламын.

- Қызмет көрсету орындарын талапқа сай жасау үшін қандай шараны қолға алдыңыздар?

- 1997 жылдың қысын тағы да еске алсам, ол кезде Астанаға қоныс аударған көптеген шенеуніктер әйелдерін, отбасыларын Алматыға қалдырып келген болатын. Олардың «күнделікті нандарын» тауып жеуінің өзі өткір мәселеге айналды. Түскі тамақтарын кеңселерінде ішті. Ал кешкі асты да бір жерде ішуі керек қой? Ол кезде қалада санаулы ғана мейрамханалар мен дәмханасымақ, аты бар да заты жоқ тамақ ішетін орындар болды. 

1998 жылғы 10 маусымға белгіленген Астананың тұсаукесері жақындаған сайын жағдай тіптен күрделене түсті. Мені және сол кездегі әкімнің бірінші орынбасары Асқар Маминді бастығымыз шақырып алып, 1 маусымға дейін жекеменшік капиталды жұмылдыру жөнінде тапсырма берді. Яғни, жедел түрде жиырма, тіпті отыз шақты сервистік қызмет көрсету және ойын-сауық нысандарын ашуымыз керек болды. Және де меймандар алдында «қызарып тұрмау үшін» жаңа нысандардың сапасы жоғары болуы керек екені ескертілді.

«Бұл енді қашанға дейін жалғаса береді? Біздің кәсіпкерлерімізге қарасақ, қалың ұйқыда жатқан секілді. Ешкім де бір нәрсе істегісі келмейді»,- деген еді сол кезде Әділбек Жақсыбеков.

Міндеттер алға қойылды. Енді оны орындау  керек. Кәсіпкерлерді жинап алдық та, қандай жұмыс жасалғанын талқыға салдық. Жекешелендірілген нысандар неге әлі күнге дейін бастапқы жағдайда тұр?  Қанекей, бәрін де жоғары деңгейге жеткізейік! Және алға тартқан басты дәйегіміз: Бұл Сіздер үшін туып тұрған зор мүмкіндік екенін түсініңіздер. Қала өседі, қызметтерің күннен күнге сұранысқа ие бола береді. Бүгін шығын шығарып, қомақты қаржы салып, тер төксеңіздер, ертеңгі күні оны бірнеше есемен қайтарып аласыздар!

Көптеген кәсіпкерлер біздің осы ұсынысымызға ден қойды және кейін ешқайсы да өкінген жоқ. Бүгінгі таңда Астанада халыққа қызмет көрсету саласында маңызды оң өзгерістер орын алғанын көріп отырмыз.

- Бүгінгі Елорданың келбеті қандай?

- Жыл өткен сайын Елордамыз әсем де көрікті қалаға айналып келеді. Астана - Елбасының тәуекелге бел буған жобасы деген сөздерді естимін. Егер ішкі жағдайлар жайлы айтатын болсақ, қала өсті, Қазақстанның інжу маржаны болды, егемендігіміз бен мемлекетіміздің нышаны, белгілі бренді екенін айта аламын. Енді бұл қала ыңғайлы өмір сүруге арналған - Астананың әлеуметтік көрсеткіштері Қазақстанның басқа қалалары мен аймақтарына қарағанда әлдеқайда жоғары. Қала бюджеті Астананы ауыстырған кезіндегі 9-10 миллиард теңгеден 250 миллиард теңгеге дейін өсті! Тағы бір айқын белгі - жалпы аумақтық өнім. 1997 жылы ол 60,5 млрд. теңгеге тең болды. Қазіргі таңда 1,8 триллионды құрап отыр! Бұдан өсімнің 30 есеге артқанын көруге болады!

Яғни, бұл - Астананың тек Елорда ретінде қалыптасуымен ғана шектелмегені! Қала айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие болды, ел экономикасындағы өзіндік үлес салмағы 8,3 пайызды құрайды. Ал бұл процесте шағын кәсіпкерліктің үлесі - шамамен 43 пайыз. Мұндай көрсеткіштермен кез келген аймақ мақтана алмайды!

Бірақ бір маңызды жайт бар, ол жайлы Елбасымыз жиі айтады: осы жерде, жас Елордамызда, жаңа әлеуметтік генотип - егемен Қазақстанның азаматы қалыптасуда. Астана тұрғындары басқа қалалардың тұрғындарынан өздерінің тәрбиесі, ділі мен дәстүрі, жүріс-тұрысы бойынша ерекшеленіп тұруы керек. Олар өз қаласын сүюі керек, оның тағдырына алаңдап, Парижімен мақтанатын париждіктердей, Мәскеуімен - мәскеуліктер сияқты біз де Елордамызбен мақтана білуіміз керек.

Бұл бағыттағы оң үрдістер жүзеге асырылуда. Қалада жүріп келе жатқаныңда қарасаң, тұрғындардың бет-жүзі мүлдем өзгерген, он жыл бұрынғыға ұқсамайды. Мінездері ашық, жүздері жарқын, мақсаттары айқын, асқақ армандармен рухтанғанын жаңа заман ұрпағын байқамауың мүмкін емес.

Бірақ жаңа адамды қалыптастыру - ұзақ уақытқа созылатын процесс, ол басқа жағдайларға қарағанда күрделі болуы да мүмкін. Және дәл осы мақсаттың жүзеге асуы біздің қаламызды шынымен де тартымды да айшықты ете түсері сөзсіз. Белгілі афоризмнің баламасын келтірер болсам, Астана көз жасына сенбейді, табандылыққа сенім артады деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, алдағы уақытта да Елордамызды көркейту жолында шынайы патриоттық сезіммен аянбай тер төгіп, еңбек ете беруіміз керек деп есептеймін.

- Қорытынды пікіріңізді білдірсеңіз?

- Астананың алғашқы қадамынан бүгінгі жетістігіне дейінгі аралықтағы елдік бірлігімізбен, мемлекеттік мықтылығымызбен келген абыройлы асу-белестер туралы ойымды қорыта келе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабының таныстырылымында айтқан сөзіне тоқталсам деймін: «Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа тұрып, мен ортаға бәрін салатынымды, яғни өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін, өмірімді бәйгеге тігетінімді сөз жоқ түсіндім. Әрине, мен өмірді қию мағынасында емес, философиялық тұрғыда - ел Президенті ретінде қоғам алдындағы өзімнің өмірлік міндеттемелерімді орындамау мағынасында айтып тұрмын. ХХ ғасырдың аяғында өз тарихымызда тұңғыш рет елдің ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қай жерде орналасатыны туралы шешім қабылдауымыздың зор саяси және имандылық мәні болды және бола береді. Бұл азаттық пен тәуелсіздік алған егемен халықтың еркінің көрінісі-тін»,- деді Елбасы.

Астана - жаңа мыңжылдықтың қаласы, Еуразия жүрегі, халқымыздың Елордасы! Мемлекетіміздің кемел жоспарлары мен қазақ халқының арман-мұраттарын ғасырлардан ғасырларға жалғастыра бермек!

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар