Astana Hub табысы 1,2 трлн теңгеге жетті: ЖИ білім мен ғылымға еніп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Президенттің былтырғы Жолдауын және өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде жасанды интеллект белсенді дамып, жаңа білім беру бастамалары енгізілуде.

Ведомствоның деректеріне сәйкес, IT-саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Қазақстандағы IT-компаниялардың саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылдағы өсім 16 пайызды құрады. 1700-ден астам қатысушыны біріктіретін Astana Hub халықаралық технопаркі саланың маңызды драйверіне айналды. Резиденттердің жиынтық түсімі 1,2 трлн теңгеге жетіп, экспорттық табыс 140 млрд теңгеден асты.
Инновациялық экожүйенің негізгі элементтері – өңірлік IT-хабтар. Қазір олардың саны елімізде 19-ға жетті. Бұдан бөлек Сауд Арабиясы, АҚШ, Ұлыбритания, Дубай және Қытайда шетелдік алаңдар ашылды.
MIT (Массачусетс технологиялық институты) университетімен бірлесіп, мектеп бағдарламаларына жасанды интеллект пәнін енгізу басталды. Алдымен бұл бастама 1-4 сыныптарға енгізіліп, кейіннен жоғарғы сыныптарға дейін жалғасады.
Мамыр айында жасанды интеллект бойынша алғашқы республикалық олимпиада – AI Olymp өтті. Ұлттық құрама Бейжіңде өткен халықаралық олимпиадада 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Қазақстан Польша, Үндістан және Вьетнаммен бірге алтын медальдар саны бойынша төртінші орынды бөлісті.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге үйрететін AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды. Ол мемлекеттік басқару үдерістеріне цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«2024-25 жылдар жасанды интеллект саласындағы маңызды бастамалардың уақыты болды. 2029 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілді, ЖИ және цифрлық трансформацияны дамыту стратегиясы, сондай-ақ жасанды интеллект жөніндегі заң жобасы әзірленуде», – деп атап өтті цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мамандарды даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу алаңы болатын Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетейік, білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарты бекітілді.