Астана ІІД қоғамдық көліктердің бәріне бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті жол үстіндегі қауіпті сейілту үшін елордадағы қоғамдық көліктердің барлығына бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Астана қаласының ІІД бастығының орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, жыл сайын еліміздің бас қаласында халық саны көбейіп келеді. Кейбір отбасыларда екіден немесе үштен көлік бар. Сондықтан, жол апаты әлеуметтік өткір мәселелердің бірі болып тұр. Бүгінгі таңда жол апатының саны көбейіп, жол үстіндегі өлім жағдайының артқаны байқалған. Жыл басынан бері елордада жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 адам көз жұмған.
Астана қаласы ІІД анықтау басқармасы жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы подполковник Нұрлан Мұқанов сараптама жұмыстары көп жағдайда жол-көлік оқиғасына жүргізушілердің олақтығы себеп болатынын айтады. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бері қалада 329 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайы көптеп ұшырасуда. Қоғамдық көліктерде де жолаушылардың кіруі немесе шығуы кезінде орын алған оқыс оқиғалар бар.
1 қаңтардан бері ҚК өзгеріс енгізіліп, мас күйде көлік жүргізген адамдарға жаза қатая түскені белгілі. Нұрлан Мұқанов 10 тамызда «Лада» автокөлігінің жүргізушісі мас күйде Қабанбай батыр көшесінде көлігімен келе жатып, екі адамды қағып кеткенін жеткізді. Осының салдарынан жолдың рұқсат етілмеген жерінен өтпек болған екі адам оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізуші қазір қамауда. Сонымен қатар, 11 сәуірде «Хиундай» жүргізушісі көлігімен «Мәңгілік ел» көшесінде рұқсат етілмеген жерден мас күйде өтпек болған адамды қағып кеткен. Көлік қаққан адам ажал құшты. Алайда жүргізушінің ісін зерттей келе оған қатысты қылмыстық істің құрамы болмағандықтан, қылмыстық іс тоқтатылған.
«Оқыс жағдайларды саралай келе қайғылы оқиғаларға көп жағдайда жаяу жүргіншілер тап болып жататынын көріп отырмыз. Осы себепті, Астанадағы қоғамдық көліктердің барлығына бейнебақылау камерасын орнатуды ұсынамыз. Сондай-ақ, көшелердің шетіне қоршауларды орнатып тастаудың да маңызы зор. Соңғы тәжірибені Алматыда қолданып көргенде бұған қатысты қиын жағдайлардың азайғаны байқалды. Сондықтан, аталған екі ұсынысты кеңірек талқылап, жүзеге асыруды ұсынамын», - дейді Нұрлан Мұқанов.