Астана ІІД: Ломбард есігін ішінен қарақшының өзі жауып алған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полицейлері кеше Кенесары көшесінде М-Ломбардқа жасалған қарақшылық шабуылға қатысты бірқатар мәліметтермен бөлісті.
«14 тамызда шамамен 08:30 сағатта білгісіз адам Кенесары көшесінде орналасқан «М-Ломбард» ғимаратының ішіне баса-көктеп кірген. Қару кезеніп, зергерлік бұйымдарды тартып алғысы келген, оның үстіне есікті ішінен жауып алып, 33 және 39 жастағы ломбардтың екі қызметкерін кепілде ұстаған. Жүргізілген келіссөздер барысында бір қызметкер босатылды. Екінші қызметкерді полицейлер сыртқы есікті бұзу арқылы құтқарып алып шықты», - деп атап өтті Астана ІІД баспасөз қызметі.
Арнайы операция барысында ешкім жарақаттанған жоқ.
Ұсталған 42 жастағы жергілікті тұрғын Астана қаласы ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қарақшылық және адамдарды кепілге алу баптары бойынша тергеу басталды. Операция барысында қылмыскерден пневматикалық қару тәркіленді. Қазіргі уақытта қару криминалдық зерттеуге жіберілді. Тиісті сараптама жасалуда.