Астана инвестициялық жобалар орталығына айналуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Астана - Жаңа қала» Арнайы экономикалық аймағы (АЭА) инвестиция тарту жөніндегі мәселелерді шешеді.
Мұнда жеңілдікті құқықтық тәртіп жұмыс істейді. Инвесторлар корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын, жер учаскелерінің иелері үшін жер салығын төлеуден және жалға алынған жер учаскелерін пайдалану үшін төлем төлеуден 10 жылға дейін босатылған. Сондай-ақ, «Астана - Жаңа қала» АЭА жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында нысандардың құрылысы кезінде қолданылатын тауарды жеткізушілерге ҚҚС қайтарылады.
Сондай-ақ, АЭА аумағы еркін кедендік аймақ тәртібі жұмыс істейтін алаң ретінде қарастырылады. Осылайша, инвесторлар тауарларды, материалдарды және жабдықтарды импорттау кезінде кеден салығын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар мұнда мемлекеттік заттай грант түрінде инвестициялық преференциялар қарастырылған Қазақстан Республикасы «Инвестициялар туралы» Заңында белгіленген инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады.
2010 - 2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Өнімділік - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Инвестор - 2020» және басқа бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын жүргізетін даму институттары кешені жұмыс істейді.
Статистика органдарының мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 615,5 млрд. теңгені құрады, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,4 млрд. теңгеге (1,2%) өскен.
Инвестициялар құрылымында кәсіпорындардың өз қаражатының көлемін 16%-ға ұлғайту, сондай-ақ, бюджет қаражаттарын 13%-ға және займ қаражаттарын 22%-ға азайту есебінен оң қарқын байқалады.
Инвестициялардың жалпы көлемінде 60%-ын кәсіпорындардың өз қаражаты (354,9 млрд. теңге) алады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 15,6%-ды құрады, сондай-ақ, шетелдік инвестициялар өсімі белгіленді, оның көлемі 3,5 млрд. теңгені құрады (5,6 есеге өсім, үлесі - 1%, 2011 жылы - 601,5 млн. теңге).
Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ аумағына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 2 триллионнан астам теңгені құрады, оның ішінде игерілгені - 1,1 трлн. теңге, оның 125,3 млрд. теңгесі 2012 жылы игерілген.
Өнеркәсіп жобалары Индустриалдық парк аумағында іске асырылады. Бүгінгі күні инвестициялар көлемі 170 млрд. теңге болатын барлығы 46 жоба жүзеге асырылған және жүзеге асырылуы жоспарлануда, олардың ішінде 11 кәсіпорын іске қосылған, олардың арасында: «General Electric» локомотив шығару зауыты, «Талго» жолаушылар вагондарын шығару, «Alstom» электровоздарын шығару, «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС тікұшақтарын өндіру бар.
Биылғы жылы мұнда 25 млрд. теңгеге жуық сомаға 8 жобаны іске асыру, олардың арасында аффинаж зауыты, электронды-оптикалық құралдарды, шыныдан жасалған бұйымдарды шығару және т.б. жоспарлануда.