«Астана – Ырғыз» көлік жолы еліміздің транзиттік әлеуетін дамытудың негізгі кезеңі болмақ

АСТАНА. KAZINFORM - Қостанай облысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, мердігер ұйымдардың өкілдері мен жобалаушы инженерлердің қатысуымен жиналыс өтті.

«Астана – Ырғыз» көлік жолы
Фото: ҚазАвтожол

Кездесу барысында республикалық маңызы бар «Астана – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Көлік министрлігі, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ және Қостанай облысының әкімдігі ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Жоба аясында ұзындығы 890 шақырым болатын «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша автожолдың құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары қарастырылған.

Аталған жоба стратегиялық маңызға ие. Себебі ол Транскаспий халықаралық көлік маршрутына (ТМТМ) тікелей шығуды қамтамасыз етіп, Қазақстанның орталық және батыс өңірлері арасындағы көлік байланысын нығайтпақ.

Жобаны жүзеге асыру еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық тасымалдаудағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен қатар, жол еліміздің «оңтүстік қақпасы» саналатын Қорғастан Ақтау теңіз портына дейінгі маңызды бағытты қалыптастыратын болады. Осы жоба аясында Астана мен Ырғыз ауылы арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқаратын болады.

Бұл жүктерді жеткізу жылдамдығын арттырып, тасымал шығындарын азайтуға, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді. Жолдың бойында құрылыс пен пайдалану кезеңдерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін бермек.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның ел үшін маңызды екеніне тоқталып, былай деді: «Астана – Ырғыз» автожолының құрылысы – бұл жай ғана көлік жобасы емес. Бұл өңірлердің орнықты дамуының, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтудың және еліміздің халықаралық логистикалық рөлін арттырудың негізі. Бұл бағыт өңірлерді біріктіретін стратегиялық артерияға айналып, экономика мен халық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады».

-Осылайша, «Астана – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындауға және Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған басым жобалардың бірі,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Президент Үкіметке «Торғай - Ырғыз» және батыс бағытындағы құрылысты жеделдетуді тапсырған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар