Astana IT University-де білім гранты айналасында дау шықты — министрлік не дейді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Astana IT University жанындағы колледждің түлектері білім грантына өтінім беруге қатысты шағымданып жатыр.

Түлектердің шағымына құлақ ассақ, олар грантқа тікелей университетке құжат тапсыра алмаған. Шағымданушылардың айтуынша, IT University жанындағы колледжді таңдағанда, болашақта оқуды сол университетте жалғастыруды жоспарлаған.
Бірақ, кейін белгілі болғандай, ТжКБ бойынша ҰБТ нәтижесімен оларға тек екі ЖОО-ға ғана грантқа үміткер болу мүмкіндігі берілген, яғни ҚазТУТБ (КазУТБ) және Есіл университеті. Бұл туралы түлектер тест тапсырғаннан кейін ғана білген.
Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі Astana IT University-дегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
— Қазір білім гранты конкурсына талапкерлерден өтінім қабылданып жатыр. Құжаттарды қабылдау 13 шілдеде басталды, 20 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер 4 білім беру бағдарламасын және 4 жоғары оқу орнын таңдай алады. Биыл «Astana IT University»-де қысқартылған оқу нысаны бойынша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс университеттің өтінімді дұрыс толтырмауына байланысты орналастырылған жоқ, — делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, биыл мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау 12 шілдеде басталды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің 14 шілдедегі мәліметінше, 10 мыңнан аса талапкер грант конкурсына қатысу үшін құжат тапсырды.