Астана изоляторынан қашқан қылмыскер Қарағанды облысында ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан екі күн бұрын Астанадағы тергеу изоляторынан қашып кеткен қылмыскер қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне сілтеме жасап.
None
None

Еске салайық, 25 ақпан күні сағат 11:00 шамасында ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-тармағы бойынша 5 жылға сотталған Арғымбаев Ерасыл Қайыргелдіұлы (30.12.1982 жылы туған) Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінен қашып кеткен еді.

"Жедел іздестіру шаралары барысында Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер департаменті Нұра аудандық бөлімінің қызметкерлері Аxмет аулының маңайында "Жигули" көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көлік салонында қашқын қылмыскер отырды. Ол ұстау барысында қарсылық жасаған жоқ. ҚР Қылмыстық кодекстің 426-бабы бойынша бас бостандығынан айыру мекемелерінен қашқаны үшін үш жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған", - деді ҚАЖК баспасөз xатшысы Ғалымжан Хасенов.

Е.Арғымбаев Қарағанды облысы Нұра ауданының Киевка ауылында дүниеге келген. Соңғы жазасына дейін ұрлық және қарақшылық қылмыстары үшін ҚР ҚК-нің 251-бабы 1-тармағы (2008 ж.), 120-бабы 1-тармағы (2012 ж.) бойынша сотталған болатын. 

Ол 25 ақпан күні бір қабатты ғимаратқа жапсарласа салынған серуендеуге арналған алаңда жүріп, шатырға шыққан. Алдымен шағын қоршаудан секіріп өтіп, кейін басты қоршаудан қашып шыққан.

Елорда Ішкі істер департаментінің Криминалдық полициясы қала бойынша бірден бағдарлама таратып, оның фотосын жариялады. Қылмыскерді көрген, я болмаса, ұстаған жағдайда құқық сақшыларының нөміріне xабарласуды сұрады. Қаладан шыға берістегі көліктер жіті тексеріле бастады. 

Соңғы жаңалықтар