Астана қалалық ІІД-де Жолдау талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінде Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі ақпараттық топтың отырысы болды.

Астана қалалық ІІД-де Жолдау талқыланды

Шара барысында «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Салман Героев пен «Құқық» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль баяндама жасап, ІІД қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

«Біздің елордамыз Астанада бейбітшілік пен тұрақтылық үстемдік құрып, азаматтарымыздың құқықтары сақталып, қала халқы еш алаңсыз өмір сүруі үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атқаратын қызметі орасан зор. Бізде бақылау жүйелері бар екенін білеміз, басқа да қауіпсіздік жүйелері жұмыс жасап тұр. Дегенмен, азаматтарымыздың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте адами факторға, әр бір құқық қорғау қызметкері өз міндетін қалай атқаратынына тікелей қатысты. Сондықтан ІІД қызметкерлері Жолдауды жан-жақты талқылап, терең түсіне білулері қажет. Ал мұндай мақсат барысында осындай кездесулер өте маңызды деп ойлаймын», - деп түсіндірді С. Героев.

Оның айтуынша, құқықтық тәртіпті сақтау мәселесін шешуде этно-мәдени орталықтардың да қатысуы ауадай қажет.

«Біз азаматтарымыздың толеранттылық рухта тәрбиеленіп, басқа ұлт өкілдеріне түсіністікпен қарауын үнемі қадағалап отырамыз. Тек еліміздегі барлық ұлт өкілдері бір-біріне деген сыйластықпен, түсіністікпен қарағанда ғана біз заңдардың сақталуын қадағалап, тұрақтылық пен бейбітшілікті баянды ете аламыз», - деді С. Героев.