Астана қалалық ІІД-не жаңа ғимарат салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД-не жаңа ғимарат салынады, деп хабарлайды elorda.info .
Құрылыс жобасына сәйкес жаңа ғимаратқа 760-қа жуық қызметкер сияды. 70 орынды 2 тұрақ және қызметкерлердің көлігіне арналған 62 орынды арнайы тұрақ қарастырылған.
Нысанның аумағы - 7 957,1 шаршы метр, өтетін жол мен тротуарлар көлемі - 9 992,5 шаршы метр, көгал - 2 089 шаршы метр. Құрылыс мерзімі - 15 ай. Айта кету керек, Астана қаласының құрылыс басқармасы мен Астананың Ішкі істер департаменті бірлесіп жаңа ғимараттың орналасу орнын қарастыруда. Нысан Түркістан көшесінде немесе Мыңжылдық гүлзары аумағында (LRT желісі бойында) салынбақ.
Сондай-ақ, коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алулар басқармасы департаменттің орталық аппаратын орналастыру үшін «Қазпошта» АҚ-мен Бейбітшілік, 37 көшесіндегі ғимаратты коммуналдық меншікке беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.