Астана қалалық ІІД жол апатында қаза тапқан ер адамның туыстарын немесе жақындарын іздестіруде

5 тамыз күні Астана қаласында Сарыарқа-Кенесары көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының салдарынан № 36 бағытта жүретін «Skania» жолаушылар автобусының ішінде тұлғасы анықталмаған 55-65 жас шамасындағы азиялық нәсілді ер адамның мәйіті табылды.
Бойы 165-175 см, шашы ақ, қысқа. Үстінде торлы, ақ жолақтары бар қою қызыл түсті түкті матадан тігілген жейде, сондай-ақ көк жолақты майка, қара-көк түсті трико, қоңыр түсті аяқ киім болды.
"Егер қаза тапқан жолаушы туралы қандай да бір ақпараттарыңыз болса, Бейбітшілік, 19 мекенжайында орналасқан Астана қалалық ІІД-ге келулеріңізді немесе 8(7172) 71-62-95, 71-62-90, 71-60-29 телефон нөмірлері арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз", - делінген таратылған хабарламада.
Бұрын хабарланғандай, жексенбі, 5 тамыз күні сағат 14:11-де Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында кранды көліктің 29 жастағы жүргізушісі Күмісбеков көшесіне қарай бұрылыста, ішінде 30 адам болған № 36 бағдардағы «Skania» жолаушылар автобусымен соқтығысып қалды.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан автобустың 4 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, түрлі дәрежедегі жарақаттар алған жолаушылардың бір бөлігі қалалық ауруханаларға жеткізілді, оқиға орнында медициналық көмек алған қалғандары үйлеріне жіберілді.