11:49, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Астана қаласындағы шағын және орта бизнес субъектілерін несиелендіру туралы Меморандум жүзеге асырыла бастады
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ мен «Атамекен» ҰЭП арасында қол қойылған Меморандумды жүзеге асыру аясында екінші деңгейлі 12 банктің өкілдеріне елордадағы шағын және орта бизнес субъектілеріне қажетті несие ресурстардың көлемі туралы мәліметтер қорын тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылғы қаңтардың 19-ында елорда басшысы И.Тасмағамбетов «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ және «Атамекен» ҰЭП басшыларымен «Самұрық-Қазына» қорынан екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін 30 миллиард теңгеден кем емес сомаға несиелендіру туралы Меморандумға қол қойды. «Меморандумда экономиканың нақты секторын қолдауға қатысты іс-шаралар белгіленді. 2007 жылы кәсіпорындар шығарған өнімдер мен қызмет көрсетулердің көлемі 152,8 пайызды құрады. Үстіміздегі жылдың алғашқы айларындағы көрсеткіш 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға төмендеді. Бұл бизнес субъектілерінің несиелік ресурстарға қол жетімсіздігімен тікелей байланысты», - деді қала әкімі. Меморандумға қол қойылғаннан кейін әкімдік Астана қаласының бизнес субъектілеріне қажетті несие ресурстарының көлемін анықтады. Бүгінде өтініш білдірген 637 кәсіпорынның несиеге қажеттілігі 80 миллиард теңгенің үстіне шығып отыр. 2009 жылғы ақпанның 1-індегі мәліметтерге сәйкес, қалада 67 100 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 150 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың 30 пайызы. Екінші деңгейлі банктер несиелеу шарттарын қатаңдатуына байланысты Астанада бизнесті несиелендіру көлемі 135,4 миллиард теңгеден (2007 жыл) 78,2 млрд теңгеге (2008 жыл) немесе 42,2 пайызға азайған.