Астана қаласының әкімдігі Қоғамдық қабылдау бөліміне келіп түскен шағымдардың әрбір үшіншісіне жауап бермейді - «Нұр Отан» партиясының өкілдері

Партияның Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкеновтың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан келіп түскен арыз, шағымдар өсіп отыр. «Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден партия өкілдері тұрғындардың арыз-шағымдарының қаралу жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Жарты жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдары қарамаған азаматтардың өтініштерінің саны азайды. Сондай-ақ оңды шешімін тапқан мәселелер өсіп, 40 пайызды құрады. Соған қарамастан проблемалар әлі де баршылық. Мысалы Астана қаласының әкімдігіне жіберілген өтініштердің әрбір үшіншісі жауапсыз қалуда. Осындай жағдай, Ішкі істер, Қорғаныс, Білім және ғылым министрліктерінде де бар. Ал Астана қаласының прокуратурасы азаматтардың өтініштерінің әрбір екіншісіне жауап бермейді», деді бөлме меңгерушісі.
Оның айтуынша, жарты жыл ішінде тұрғын үй коммуналдық сала және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігі тұрақты сақталды. «Баршаға мәлім, «Нұр Отан» партиясы ақпан айында осы мәселелерге арналған азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін өткізді. Жақын арада жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік тұрғын үй қорының, тұрғын үйдің бөлінуіне жүргізілген мониторингтің қорытындысы қаралып, оның барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Азаматтардың проблемаларын шешу үшін партияның жүргізіп жатқан жұмысы жалғасын табады және «Нұр Отан» партиясына деген халықтың жоғары сенімін күнделікті қажырлы еңбегімізбен ақтаймыз. Бұл біздің борышымыз», - деді Ж.Жүкенов.