Астана қаласының әуежайында ЖІІБ-нің жаңа ғимараты ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Астана қаласы халықаралық әуежайындағы Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа әкімшілік ғимаратын салтанатты жағдайда ашты, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Көліктегі ішкі істер департаментінің басшылары мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Ғимарат алдындағы саптық алаңда Ұлттық ұлан оркестрінің сүйемелдеуімен салтанатты шеру өтті. Бұдан соң жаңа ғимараттың символикалық кілті ЖІІБ-нің басшылығына тапсырылды.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгін, міне, көлік полициясы Астана әуежайында ЖІІБ-нің барлық қажеттіліктерге жауап бере алатын жаңа қызметтік баспанасына қол жеткізіп отыр»,- деп мәлімдеді Ішкі істер министрі салтанатты шарада.

Қасымов сөзінде халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу қарсаңында елорданың әуежайы мен вокзалдарына шетелдік қонақтар және еліміздің тұрғындары көптеп ағылатынын атап өтті. Сондықтан Астанаға келетін қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін бар күштерін салатын көлік полициясына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр.

Атап өтер жайт, Астана қаласының әуежайы тәулігіне 10 мыңнан астам жолдаушы қабылдайды, ал мерекелік күндері бұл көрсеткіш екі есеге көбейеді. Әуежайға күніне 160 жолаушы ұшағы ұшып-қонады. Соған байланысты еліміздің көлік полициясы құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөледі.

Министр жаңа ғимаратты аралап, ішкі жабдықтарымен, сондай-ақ көлік полициясының қызмет атқаратын орындарымен танысып шықты. Содан соң Көліктегі ішкі істер департаменті және бөлімшелерінің жеке құрамы алдағы уақытта да азаматтардың құқығы мен мүдделерін лайықты қорғап, олардың көліктегі қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететініне сенім білдірді.
Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық және оны өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету Іс-шаралары жоспары аясында салынды.

Соңғы жаңалықтар