«Астана» қаржы орталығы жасыл экономиканы дамытпақ
Құжатқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы басшысы Қайрат Келімбетов пен Casablanca Finance City Authority Басқарма төрағасы Саид Ибрагими қол қойды.
Меморандумға сәйкес, АХҚО мен Casablanca Finance City Authority капитал нарығы, активтерді басқару, ислам қаржыландыруы, жасыл қаржы, қаржы технологиялары мен адам капиталын дамыту салаларында бірігіп жұмыс істейді.
Ынтымақтастық шеңберінде тараптар ақпаратпен, экспертизамен алмасып, бір-бірін Африка, ТМД нарығында ілгері жылжытуға, ғылыми-білім іс-шараларын ұйымдастырып, бірге өткізуге келісті.
АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов, сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінен қаржы орталықтарын өз алаңына жинаған «Орнықты экономика мәселелеріне арналған қаржы орталықтарының халықаралық жиналысына» қатысты.
Жиынға Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс қаржы орталықтарының басшылары, орнықты даму мен жасыл қажы саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияға Жапонияның жасыл қаржы ұйымы (Green Finance Organisation of Japan), Жапонияның жасыл Қоры басқарушы компаниясы, Z/Yen ұйымы (қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігі рейтингін жасайтын ұйым), сонымен қатар, БҰҰ жауапты инвестиция қағыидаттары бастамасы, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Қаржылық бастамасы, орнықты биржалар бойынша БҰҰ Бастамасы (SSE), және өзгелер қатысты.
Жиын барысында айрықша көңіл жасыл қаржыға бөлінді.
«Қоршаған орта мәселелеріне айрықша көңіл аударатын Қазақстан Киото хаттамасына ең алғаш рет қол қойған елдің бірі, Париж келісіміне ратификация жасады. Жасыл қаржыға үлкен қаржы жұмсалуының қажеттілігіне қарамастан, бұл сала бәсекеге қабілетті бола алады. Қазақстан экономикасының жаңа драйвері Астана «Халықаралық қаржы орталығы» осы салада жұмыс істейді және өзінің негізгі стратегиялық бағыты ретінде жасыл қаржыны айқындады», - деді Қ.Келімбетов.
АХҚО Басқарушысы конференция қатысушыларын АХҚО қызметі, оның негізгі даму бағыттары және инвесторларға деген басымдықтарынан хабардар етті.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар «Тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша қаржы орталықтарының декларациясын» (Casablanca Statement on financial centres for sustainability) қабылдады. Декларация бойынша тараптар қаржы орталықтарында жасыл қаржыландыруды ілгерілету, осы салада біліммен бөлісу, жасыл активтер мен өнімдерді кеңейту бойынша бірлесіп қызмет атқаруға келісті.